ҚҰНДЫ ДА ҚҰДЫРЕТТІ ҰҒЫМ

Талай ғасырдан бері аңсаған тәуелсіздік тұғырына қазақ елі өткен жүзжылдықтың аяғында табан тіреді. Тәуелсіздік! Осы бір жалғыз ауыз сөзде қаншама құдірет бар десеңші!
«Тәуелсіздік» ұғымы жыл өткен сайын халық санасына сіңіп, өз құндылығын арттыра түсуде. Ел еңсесін тіктеп, етек-жеңін жиған сәтте рухани құндылықтарымызды түгендеудің, ұлттық салт-санамызды оятып, дәстүрімізді дәріптеудің маңызы зор. Тәуелсіздік күні қарсаңында Олжабай батыр ауылдық округінде де ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. «Әсем-ай» бөбекжай-бақшасында тәрбиешілердің бірлігімен «Тәуелсіздікке тағзым» мерекесі өтті. «Тәрбие – талбесіктен» қағидасын берік ұстанған халқымыз әр бүлдіршіннің ел ертеңі екенін ұмытқан емес.
Ауыл мектебінде «Тарих» апталығы, әртүрлі тақырыптық сабақ, білгірлер бәсекесі жоспарланды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Салт-дәстүрді сақтау – ұлтжандылықты сақтау» атауымен қолөнер шеберлерінің көрмесі безендірілді. Көрмеге Еркіншілік, Күншалған, Олжабай орта мектебі оқушыларының жасаған бұйымы ұсынылды. Әділқазылар алқасы әрбір затты ерекше назарға алды.Рухани құндылығы жоғары деп таныған қолөнер туындыларын лайықты бағалады. Нәтижесінде мектептер арасынан Еркіншілік үшінші, Күншалған екінші, Олжабай батыр бірінші орынға ие болды. Ал шеберлер арасынан «Тіршілік ағашы» жобасымен Еркіншілік ауылынан Байжұманова Айдария алға шықты. «Тарих» туындысымен Күншалғаннан Бақытбек Жанерке және тоқыма бұйымдарымен Ойрат Гүлайым екінші орын алды. «Тәуелсіздік монументі» макетімен өз жерлесіміз Темірбай Қожахмет үшінші орынды иеленді.
Мерекеге орай «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» ұранымен «Жігіт сұлтаны» өткізілді. Бақ сынаған үш жігіттің білім-білігі, шеберлік-шешендігі, алғырлық- тапқырлығы, күш-жігері жан-жақты сыналды. Бәрі де тыңғылықты, қазақ жігіттеріне сай өнер көрсетті. Кір тасын көтеруден Қыран ерекшеленді, қолөнер бұйымдарымен Нариман алға шықты. Танымдық және логикалақ сұрақтарға жауап беруде Самғар алғырлық танытты. Ақтық мәреде әділқазылардың бағалауымен Жанарбек Қыран бірінші (Олжабай батыр), Әбіш Самғар екінші (Еркіншілік), Бәтесов Нариман үшінші орынды (Күншалған) еншіледі.
Саламатты өмір салтын қалыптастыруда денешынықтыру пәні ұстаздарының еңбегі ерекше. Ұлттық ойындарды жаңғырту мақсатында оқушылар, ұстаздар, қызметкерлер асық, тоғызқұмалақ, арқан тарту ойынына кірісті. Жеңімпаздар марапатқа ілікті.
Мәрелік сәтте, онкүндік қорытындысы ретінде, концерт әзірленді. Мектеп директоры Сәуле Назарбекова баршаны Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Мәдени шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Жеңімпаздарға естелік сый ұсынды.
Ауылдық кітапханада безендірілген «Тәуелсіздік тұғырым» кітап көрмесі оқырмандарға таныстырылды.
«Желтоқсан – Тәуелсіздіктің ұлы рухы» патриоттық кеш ұйымдастырылды. Шараға Мұхамедғали Дүйсембаев жетекшілік ететін 4-сынып оқушылары белсене қатысты. Еліміздің Әнұраны, патриоттық әндер әуеледі. «Қайрат» сахналық көрінісі қойылды, күй тартылды, мәнерлеп өлең оқылды. Өр рухты, қайсар мінезді Желтоқсан оқиғасының құрбандарынан үлгі алуға, оларға тағзым етуге, Тәуелсіздіктің құнын бағалауға, Отанға сүйіспеншілік ниетін арттыруға арналған мақсат көзделді.
Лайым, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, баянды болсын!

Жанимхан Кулатай.
Олжабай батыр ауылы