ПАТРИОТИЗМНІҢ МАҢЫЗДЫ САБАҒЫ

Мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында терең мәнді, айтулы шара ұйымдастырылды.
Көшбасшы партияның өңірлік филиалы төрағасының орынбасары Медеу Әбжіков бүгінгі жиынның мақсатына егжей-тегжейлі тоқталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа, Мемлекет басшысының жас ұрпақтың түпкі тегін білуіне, патриотизміне, технологиялық сауатты жастар мен шәкірт даярланымына бағытталған бағдарламалық құжатына, партияға қабылдауға ден қойғанын аңғартты.

dav

Аға буын өкілі, ауданның құрметті азаматы, өлкетанушы Манап Әдірешев көпшілікті тәуелсіз мемлекет тарихындағы айтулы күнмен құттықтады. Ғасырлар бойы еркіндікке ұмтылған ел шежіресіне шолу жүргізді. Еліміздің дербестігіне негіз болған кейбір ақтаңдақтар жайында баяндады. Аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Қалиев, аудандық «Ерейментау» газетінің редакторы Раушан Нұрғазинова әңгімені толықтырды. Олар біздің ұлы халық ұрпағы болуымызға орай, ісіміз де осы қағидамен үйлесуі тиіс екенін негізге алды. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары ішінде халықаралық дәрежедегі бітімгер, көптеген игі шаралардың көшбасшысы, ұйтқысы мәртебесін иеленді, экономикасы дамыған елге айналды.
Медеу Әбжіков қаламызда тегін компьютер сыныбының ашылғанын айтты. Оған жеке кәсіпкерлердің, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының, білім бөлімінің бірлескен бастамасы септесті. Бөгенбай мектебінің, №2 орта мектеп-лицейдің, Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектептің компьютер сауаттылығы мен инновация сабағын оқытушылардың жалақысын меценаттар, аудандық мәслихаттың депутаттары, Елбасы партиясының мүшелері Абылайхан Сырымбетов, Нұртас Маңдаев, Талғат Қалиев төлеп береді. Талғат Қалиев республикалық он-лайн олимпиадасында жеңімпаз атанған Амантай Санжарға, Серік Дамирге, Иманғали Ернұрға толымды табыс тілегімен естелік сыйлық ұсынды. Сынып педагогы Жұлдыз Шәкіроваға партияның аудандық филиалынан Алғыс хат табыс етілді.

Бастауыш партия ұйымының төрағасы, Балалар музыка мектебінің директоры Асқар Өсіпов көпшілікті Тәуелсіздік күнімен құттықтады, мектеп оқытушысы Медет Жетпісовпен бірге домбырада танымал халық сазгерлерінің попурриін орындап берді.
Ізінше партия ардагерлері мен тәжірибелі мүшелері тарапынан жас партия мүшелеріне билет тапсыру салтанаты жалғасты. Елбасы командасында адалниетті, жауапты тұлға болуға тілектестік ниет жолданды.
«Дөңгелек үстелге» жиналғандар патриотизм мен ұрпақ сабақтастығы, ел тарихына сыйластық ниет бағытында әсерлі сабақ алды.