ЖАҢАШЫЛ ӘДІСТЕМЕ – ЖАҢА ЗАМАН ЛЕБІ

Аудандық білім бөлімінің бастамасымен, әдістемелік кабинеттің қолдауымен Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінде
ұйымдастырылған «Жаңа форматтағы сабақ» аудандық семинар-байқауына жиылдық.
Барша пән мұғалімдерінің сапар мақсаты әріптестермен тәжірибе алмасуға, мамандармен ынтымақтастық байланыс орнатуға, жаңашыл бағыттағы оқу-тәрбие ісін бірлесе жүргізуге арналды. Бұл орайда сабақ жүргізілім әдістемесі, көрнекіліктердің қолданыс реті, оқушылардың белсенділік ықыласы, пәнге қызығушылығы ойға алынды.
Сегізінші сыныпқа кірдік. Орыс тілі сабағы. Тақырыбы: Олжас Сүлейменов: «Земля, поклонись человеку» поэмасынан үзінді. Тәжірибелі ұстаз Нұрлан Баймұрынов интерактивті тақтадан автордың портретін назарымызға ұсынды да, тиісті мәнерімен шығармадан үзінді оқып берді.
Негізгі мазмұны ғарыш кеңістігін қамтитынын ұғындық. Емтихан билеті үлгісіндегі сұрақ кәртішкесі қолымызға тиген сәттен төрт топ кезекпен барынша толық әрі жылдам жауап беруге талпындық.
Қаламгердің ғұмырнамасына, шығармашылық қызметіне қанықтық. Әсіресе қаламгердің білікті саясаткер әрі туған жердің жанашыры ретінде КСРО халық депутаттарының бірінші съезінде полигон зардаптары жайында тиісті дәлел келтіре сөйлеген сөзі, ғасыр қасіретіне айналған Семей ядролық сынақ алаңын жапқызуды көздегені әлем назарын өзіне аудартты.
Осылайша ықпалы бар әлемге жеткен «Невада-Семей» қозғалысы дүниеге келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығымен 1991 жылдың тамызында полигон түпкілікті жабылды. Ақынның шешендігі, тарихқа әуестігі, патриоттық бастамасы сыныптастарға дем берді. Сабақ лайықты бағаланды. Барлық мән-жайды ұғынықты дәрежеде, жеріне жеткізе түсіндірген ұстаз ағай мақсатына жетті. Әріптестердің көңілінен шықты.
Майкүл Райқызы жетінші сыныпта өткізген, түркі мәдениеті қамтылған тарих сабағы да тақырып ауқымының кеңдігімен ерекшеленді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарымен толық үйлесім тапты. Зергерлік өнер, тері өңделімі, қару-жарақ өндірісі, қасиетті Ислам дінінің даму тарихы, танымал ғұламалардың ғұмырнамасы, рухани-материалдық мәдениет – бәрі-бәрі шәкірттің мағлұмат аясын, ақпарат кеңістігін, ой-өрісін кеңейтті.
Тиісті көрнекіліктер, көне тұрмыстық бұйымдар арқылы көшпелілер мәдениеті сипатталды. Рефлексия парағына әрбір топтың жазған оң пікірі, өзін-өзі бағалау тәсілі, көңіл-күйі, жалпы әсері өз деңгейінде болды, апайдың көңілінен шықты. Өткен тақырыпты үйде тағы бір мәрте пысықтауға, эссе жазып келуге тапсырма алдық.
«Жаңа форматтағы сабақ» қорытындысында тиісті әдістемесімен көптің көңілінен шыққан өз жүлдегерлері дараланды. Бөгенбай мектебінің технология пәнінің маманы Әлия Бәйженова бірінші, Бозтал орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бинура Қырықбаева екінші, Бөгенбай мектебінің орыс тілі мен әдебиеті сабағының маманы Нұрлан Баймұрынов үшінші орын алды. Жеңімпаздар Мақтау қағазымен, естелік сыйлықпен көтермеленді.
***
«Ең үздік коучинг» байқауының нәтижесінде Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектептің орыс сыныптағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Тағиманова бірінші орынды иеленді.
Екінші орын Новомарковка орта мектебінің орыс тілі-әдебиеті пәнінің оқытушысы Жанна Алтыбаеваға бұйырды. Еркіншілік орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Әсел Арилина үшінші тұғырдан көрінді. Жүлдегерлерге Мақтау қағазы, заттай сыйлық ұсынылды.
Жаңартылған білім жүйесінің негізін қалаған, бәсекеге қабілетті шәкірт оқытып-тәрбиелеуді өз міндетіне санаған әріптестеріміздің бүгінгі қол жеткізген нәтижесі көңіл толарлық дәрежеде. Оны комиссия өкілдері де, сабақ тыңдаған пән мамандары да, толық растады, білім-білігінің тереңдігіне анық көз жеткізді.
***
Өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесін, тәуелсіз елдің қорғаныс қабілетін айбынды әскерімен нығайтуды көздейтін алғашқы әскери дайындық сабағы бұл жолы «Сардар» атауымен олимпиада үлгісіне негізделді. Сабақтың авторы – өз пәнінің білікті маманы, лейтенант Жомарт Ыдырысов. Тиісті дәстүрлі тәртіпке негізделген мемлекеттік рәміздерімізді – Туымызды, Әнұранымызды әспеттеу, салтанатты сап түзеу рәсімі тиісті дәрежеде өтті.
Алаң иелерінен бөлек, қаланың №1, №4 орта, №2 орта мектеп-лицейі, Новомарковка, Торғай, Олжабай, Өлеңті, Малтабар мектебінің жоғарғы сынып оқушылары, Тайбай мектебіндегі «Бүркіт» әскери-патриоттық клубының ұландары білім-тәжірибесін сынауға жиналды. Семинар жетекшісі Жомарт Ыдырысов аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының шақырылым бойынша орынбасары капитан Әсет Нұғмановқа жарыстың басталатынын баяндады. Тиісті рұқсатнамадан кейін аудандық білім бөлімінің әдіскері Мұрат Уажановтың төрелігімен баршасы жеке-жеке топқа жіктелді де, берілген тапсырманы орындауға кірісті.
Теориялық бөлімде парақшаға 30 сұрақ енгізілген тестке жауап бердік. Тәжірибелік бөлім бағдарламасына саптық дайындық; атыс дайындығы, Калашников автоматын, оқжатарын шашып-жинауға, азаматтық қорғаныс сағаты, спорттық ойын (белгілі қашықтыққа жүгіру, турникке тартылу) тапсырмасы енгізілді.
Болашақ сарбаздарымыз өзінің шама-қабілетіне, мүмкіндік ретіне қарай ұпай қоржынын еселеп жатты. Епті, ширақ қимылымен, біліктілік, тапқырлық қабілетімен ерекшеленді. Жарыс алаңында өзге мектепке намысты қолдан бермеуге, ұстаз ағайларын жерге қаратпауға тырысты. Әскери іске барынша төселгенін байқатты.
Міне, қызықты да тартымды ойын нәтижесін шығаратын, жүлдегерлерін қошеметтейтін сәт келді. Барлық тапсырманы тиянақты орындаған, өлшеулі уақыт үдесінен шыққан жеңімпаз үш топ аудандық білім бөлімінің Дипломын, қорғаныс істері бөлімінің Грамотасын иеленді. Бөгенбай мектебі бірінші, «Бүркіт» әскери-патриоттық клубы екінші, Өлеңті орта мектебі үшінші орын алды.
Сабақ жоғары дәрежеде өтті, көздеген мақсатына толық жетті. Жастарымыздың келешегіне берік негіз қалап жүрген тәлімгерлерінің еңбегі жанды.
Келешекте Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтатын, ұстазынан көрген тәлім-үлгісімен әскери мамандыққа ден қоятын болашақ офицерлеріміздің де ереймендік түлектердің арасынан мол табылатынына үміттіміз. Күткен үмітімізді ақтайтын да, ел тыныштығын сақтайтын да, осы інілеріміз болмақ.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.