2018 ЖЫЛДЫҢ АЙШЫҚТЫ ОҚИҒАЛАРЫ

2018 жыл тарих қойнауына еніп барады. Аудан өмірінде ол қандай қызықты оқиғасымен, нендей жетістігімен есте қалды? Күнтізбемізді парақтап көрейік.
*Елордамыздың 20 жылдығы, Ерейментау ауданының 90 жылдығы, қаланың 70 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Білім-білігі мен қызметін туған жерге арнаған аға буын ардагерлер, түрлі сала өкілдерінің үлкен тобы тарихи дата құрметіне мерейтойлық медальмен көтермеленді. Мемлекеттік қызметкерлеріміз, жекелеген жандар Елбасының, облыс, аудан әкімінің, салалас министрліктің, басқарма мен департаменттің Құрмет грамотасына, Алғыс хатына қол жеткізді.
*Аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен, көпшіліктің ұсынысымен ел ағаларының еңбегі лайықты бағаланды. Бес еңбеккеріміз «Ерейментау ауданының құрметті азаматы» атанды.
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
*Облыс орталығы – Көкшетау қаласының бір көшесіне Бөгенбай батырдың ұрпағы Бапан бидің есімі берілді.
*Ерейментау қаласының Батырлар аллеясында Малай батырға бюст орнатылды.
*9 Мамыр Жеңіс күні Бозтал ауылында 1941-1945 жылғы Ұлы отан соғысында ел қорғаған жауынгерлердің ескерткіш тақтасы ашылды.

dav

*Олжабай батыр ауылында 1941-1945 жылғы Ұлы отан соғысында ел қорғаған жауынгерлердің, тыл еңбеккерлерінің ескерткіш тақтасы бой көтерді.
*Маусым айында «Салт атпен ата-баба ізімен» жобасына қатысушы венгриялық салт аттылар шеруі Ақсуат ауылы мен Олжабай батыр ауылына аялдады.
*Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің ауласында тарихи ескерткіштердің макеті кескінделген Дала музейі жабдықталды.
СПОРТ
*Ақмырза хоккейшілері спорт алаңында толымды жетістікке жетті.
*Ереймендік шаңғышылар Сандықтау ауданында өткен «Белый марафон» жарысында бірінші орын алды. Жетекші бапкері -№1 орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің маманы Гүлжан Иманова.
*Палуан жерлесіміз Ербол Нұрланұлы Бурабай ауданындағы «Ақмола барысы» бәсекесінде жүлдегер атанды.
*Ауданымыздың параолимпиада ойыншылары облыс орталығы Көкшетаудағы дәстүрлі «Үміт» спартакиадасында ойын түрлерінен 1-2 жүлделі орынға қол жеткізді.
*Еркіншілік ауылында жазда ойын ойнатылатын жағажай волейбол алаңы іске қосылды.
МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР
*Елбасының Жарлығына сәйкес аудан орталығына кіреберістегі айналмалы жол алаңқайында өнер иелерінің қатысуымен алғаш рет Домбыра күні мерекеленді.
*Балалар шығармашылық үйінің «Толқын» театры облыстық өнер жарысында бірінші орын алды. Көркемдік жетекшісі – КТК командасының капитаны Әлібек Малшиев.
*Балалар музыка мектебінің «Ақбұлақ» қобызшылар ансамблі Алматыда өткен салалас өнер тобының бәсекесінен Бас жүлдемен оралды. Тәлімгер ұстазы -Меруерт Әбілдинова.
*Астана қаласының «Дәме» баспасынан белгілі қаламгер жерлесіміз, басылымымыздың жанашыры Теміртас Ахметовтың «АНАНЫҢ ЖАНЫ» атты авторлық кітабы жарық көрді.
*Ел тарихына көптен бері қызығушылық танытып жүрген қос жерлесіміз Бөкеш Мейрам мен Манап Әдірешев жазушы-өлкетанушы төсбелгісіне қол жеткізді.
*Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану мұражайы жанашыр қауымның қолдауымен жаңа құнды жәдігерлермен толықты.
ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС
*«Бастау-Бизнес» бағдарымен білім алған Еңбек ауылының тұрғыны Бауыржан Досмағамбетов тиісті ою-өрнекпен көмкерілген қазақша дөңгелек үстел шеберханасын іске қосты.
*Еркіншілік» ауылының тұрғындары – ағайынды кәсіпкерлер Жантілек пен Ақтілек Зауыттегі пластикалық терезе шығаратын шағын цех ашты.
АГРАРЛЫҚ САЛА
*Ақсуат ауылдық округіндегі Мұрат Шәмшинұров басқаратын «Ерейментау-Құлан»ЖШС егіннің әр гектарынан 22,5 центнерден астық жинады.
*

Новомарковка ауылдық округіндегі аудандық мәслихаттың депутаты Ержан Биекенов басқаратын «Хамзе» шаруашылығының мал фермасы сауда орнына сүт жеткізе бастады.
*Бозтал ауылында Әсет Секуовтың бастамасымен АӨК құрылды.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛА
*Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Новомарковка, Тайбай, Торғай ауылында жеке балабақша игілікке берілді.
*Күншалған орта мектебіне көршілес Жаңатұрмыс ауылының балаларын тасып оқытатын жаңа көлік әперілді.
*Тайбай орта мектебінің жанынан «Бүркіт» кадет сыныбы, Новомарковкада Жас фермерлер клубы, Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінде, №2 орта мектеп-лицейде, Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепте тегін ІТ сыныбы ашылды. Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепте “Рухани жаңғыру” кабинеті іске қосылды.
*Ерейментау қаласында 60 пәтерлі бес қабатты жалгерлік тұрғын үй іске қосылды.
2019 жылдың да аудан өмірінде қаламгерлер жария ететін жағымды жаңалығы, сүйінші хабары, айтулы-айшықты сәті, берекелі табысы, мерекелі кезеңі аз болмайтынына үміттіміз.
«Ерейменнің» өз ақпараты.