2019 ЖАҢА ЖЫЛМЕН!

2018 жылдың соңғы аптасы келіп жетті. Қаламыздың орталық алаңында айналасы мұз кірпішпен, түрлі мүсіндермен көмкерілген сырғанақ алаңы салынды. Ертегі кейіпкерлерінің мүсіні кескінделген, түрлі-түсті гирлянда жағылған мекемелер, дүкендер, дәмхана-тойханалар – бәрі-бәрі дәстүрлі мерекенің нышанын аңғартады.
Балабақшаларда дағдылы ертеңгілік басталып та кетті. Аудан әкімінің дәстүрлі шыршатойы өтетін «Сказка» балабақшасының көркем безендірілген залына жиылдық. Айшықты жаңа жыл мерекесін қызықтауға қала мен ауылдардан ата-ананың қамқорлығынан тыс қалған 27 жетім бала жиналды. Педагогтар мен білім қызметкерлері қызықты да тартымды кеш жоспарлап қойған. Ұл-қыздар зор ынта-ықыласпен би билеп берді. Аңдардың қимыл-қозғалысын қайталады. Түрлі-түсті шаммен көмкерілген, ойыншықпен безендірілген шырша ағашын айналды. Қиын әрі жеңіл жұмбақты шешті. Ертегі кейіпкерлерімен бірге ойын ойнады. Аяз Ата мен Ақшақармен қуана жүздесті. Аудан әкімі Виктор Радченко балаларды, ата-аналарды, қамқоршыларды алдағы жаңа жылмен құттықтады. Баршасына жақсылық, шаңыраққа шаттық, толымды табыс, баянды бақ тіледі. Ізінше әрбір балаға естелік сыйлық ұсынды. Барлық қонақтар жаңажылдық шай дастарқанына шақырылды.
Әрбір бала жаңа жылдан тылсым сырға, сиқырға толы таңғажайып жаңалық күтеді. Ойлағанының бәріне ересектер арқылы қол жеткізеді. «Берсең-балаға бер» демекші, оларға әрдайым жомарт пейіл, ыстық ықылас, жылы мейірім қажет. Келешекте де әрбір баланы осындай шуаққа бөлейтін өз періштесі демеп-қорғап жүрсін.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.