АДАМЗАТТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАҒАН

Ел тәуелсіздігі күнімен орайласқан мерекеде облыс әкімі Мәлік Мырзалин өткізген шаралар аясында өңір экономикасына еңбегі сіңген жекелеген сала басшылары мен мамандарын әспеттеуге ден қойылды. Әрбір адамның еңбегі, егер жауапкершілікпен, адал ниетпен атқарылса, жоғары бағаға әбден лайық. Бұл жолғы суреттемеміз аудан әкімдігі жанындағы шаруашылық жұмысына құқық алған «Мал Аман» кәсіпорнының маманы Мағзұм Әйтеұлы Рақымовқа арналмақ.
Қойтас ауылдық округінде, жеке меншіктен бөлек, 17 шаруа қожалығының, 4 серіктестіктің күтіміндегі төрт түліктің бәрі мал дәрігерінің жіті назарында ұсталады. Олар асыл тұқымды етті мал өсіріліміне ден қойып отыр. Ал біздің кейіпкеріміз бен бүкіл сала қызметінің кәсібі тұрғын халықты адам мен малға ортақ індеттен қорғауға, жұқпалы дерттің таралуына жол бермеуге, жануар тектес қауіпсіз өнім шығарылымына, өз аумағындағы жалпы жағдайды бақылауға алуға негізделеді. Бәріміз де мал мен құс өнімінің түр-түрін қолданамыз. Шикізаттың жалпы сапасы мен қауіпсіздігі мал дәрігерінің негізгі парызының бірі. Ауылдас маманымыз таңдаған кәсібіне жиырма тоғыз жылдан бері адалдық танытып келеді. Жерлесіміз Павлодар совхоз-техникумын тәмамдаған, веттехник білігін иеленген. арнаулы орта білімді маман. Соңғы алты жылдың бедерінде Қойтас ауылдық округінің ветеринарлық мекемесін басқарады. Аумақтағы жалпы саны 3791 бас ірі қараның, 88222 бас ұсақ малдың, 3414 бастан асатын жылқының екпе-емдік ісін уақтылы, сапалы жүргізіп отырады. Мағзұм Әйтеұлы жылда ауқымды да қажырлы жұмысымен індетке қарсы, диагностикалық шаралар жоспарын толық орындайды. Ауылдық округтің әкімі кең көлемді түсіндірме жұмысымен маманның мақсатына жетуіне жан-жақты септеседі. Міне, соңғы екі жылдың ішінде малдың бруцеллезі күрт бәсеңдеді. Бүкіл түліктің толық есебі, мәлімет-дерегінің бірдейлендіру жүйесіне енгізілімі – ең маңызды уақыт талабының бірі. Бұл іс тиісті деңгейде, сапалы жүргізілді. Айта кететін жайт, округімізде асыл тұқымды мал өсіретін ірі шаруашылықтар жемісті жұмыс атқаруда. Олардың басшылары да бүкіл түліктің амандық-саулығына мүдделі. Жоғары сапалы ет өнімінің басым бөлігі дәл осы аумақтан экспортқа жіберіледі. Бұл жерде ветеринария саласының беделді, білікті жауапкер маманы өлшеусіз еңбек сіңірді. Өткен жылы экспортқа 15 тонна сапалы ет жөнелтілді. Сала еңбеккерлерінің жұмысы да жеңіл емес. Демалыс, мереке күндері де кәсібі жалғаса береді. Тәуліктің кез келген уақытында саптан табылады. Ұдайы елдің саулығын назарда ұстайды. Әрине, бұл романтикаға толы, аса тартымды мамандық болмаса да, өзінің осы кәсіпке арнаған жан, адамзатты емдейтін нағыз дәрігер екеніне бек сенімді. Жұмысына қоса айналадағы жандар, отбасы дем беріп келеді.
Мағзұм Әйтеұлының өзін бақытты жан ретінде санауға толық негіздеме баршылық. Адалниетті еңбегі бірнеше мәрте аудан әкімінің Алғыс хатымен, Грамотамен көтермеленді. Ауылдастар мен әріптестердің сый-құрметіне, ілтипатына ие. Өз ғұмырында үй салды, ұрпақ өсірді, төрт перзентін ел қатарына қосты. Бүгінде бал қылықты немерелерінің алғашқы қадамын қызықтауда. Жоғары дәрежелі марапат – «Ерен еңбегі үшін» медалі ел игілігін көздеген нәтижелі жұмысының жемісі. Қарапайым да маңызды ісін лайықты бағалаған «Мал Аман» коммуналды кәсіпорнының басшысы Қазыбек Бекеевке, аудан әкімдігіне жерлесіміздің ризашылық алғысы шексіз. Ал күні ертең дағдылы кәсібін жалғастырады. Мал қыстату, төл алу науқанын аман өткеруге, жаңа туған төлді есепке тіркетуге барша қауымға қолғабысын тигізеді.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА