ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ШЫРШАСЫ

Жаңажылдық мереке шеңберінде осы аптада Балалар шығармашылық үйінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дәстүрлі ертеңгілік жалғасты. Қала әкімдігінің бастамасымен өткізілген шараға жалпы 37 кішкентай бала шақырылды. Бойына жарасымды сәнді маскарад киімін киген қонақтарды ата-анасы мен қамқоршысы жетелеп әкелді.
Мереке себепкерлері мен олардың заңды өкілдерін қаланың әкімі Төлеутай Мұхамеджанов қызу құттықтады. Денге саулық, жақсылық, бейбіт өмір, ересектерге – сәттілік пен төзім, қиын да игілікті істе толымды нәтиже, отбасына амандық, келесі 2019 жылы көтеріңкі көңіл-күй тіледі.
Мектептен тыс мекеменің директоры Наталья Курникова бастаған ұстаздар ұжымы бал-маскарадқа жиналған барша қауымға қонақжайлық пейіл, ыстық ықылас танытты. Мерекеге сай көркем безендірілген кең де жылы, жанға жайлы бөлмеге шақырды. Ізінше Аяз Ата мен Ақшақармен, ертегі кейіпкерлерімен бірге әрбір баланың жүрегіне жол тапты. Шырша маңында қалағанынша көңіл көтерді, дарын-қабілетін танытты, әртістерді ересектер қошеметтеді. Жалпы БШҮ үйірме жетекшілерінің шеберлігі мен тапқырлығы, ұйымдастырушылық қабілеті бүгінгі мерекенің келесі жүздесуге дейін есте сақталуына мол септесті.
Мәрелік сәтте әрбір балаға қала әкімдігінен тәтті сыйлық қалташасы үлестірілді. Ауа райының жағдайына қарай шыршатойға келе алмағандардың жаңажылдық сыйлығы үйлеріне апарылып берілді.
«Ерейменнің» өз ақпараты.