ҚАСТЕРЛІ ДЕ ҚАСИЕТТІ МӘУЛІТ КҮН

19 қарашаға қараған күні дүниеге келген, жалпы бір ай ішінде аталып өтетін Мәуліт мерекесі өңірімізде биыл үшінші рет тойлануда.
Ислам дініндегі барша қауым асыға күтетін мейрамның мақсат-бағдары жаратушының елшісі болған соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед саллауғалайссаламның өмір тарихын зерделеуді негізге алады. Жалпы 63 жылдық ғұмырындағы игі ісін өнеге тұтуды, қасиетті тұлғаның атына арнайы салауат айтуды құптайды. Айтулы тұлғаға бағышталған игі амалдың бәрі парыз саналады.
Аптаның қасиетті жұмасында қаламыздың «Арман» тойханасы өзара төс түйістірген, бірін-бірі жылы құттықтаған, игі бастаманы қуана құптаған барша жамағатқа лық толды.
Тоқмағамбет хазірет мешітінің имамы Жандос Базарбеков айтулы күннің түпкі тарихына, қасиетті пайғамбарымыздың қиындықпен өткерген өміріне, айналадағы жандарға көрсеткен жақсылығына, өнегелі ісіне жан-жақты тоқталды. Қиямет маһшар күнінде баршамызға пайғамбардың үмметі болуды нәсіп етсін, Мәуліт мейрамы мүбәрак болсын деген ой қорытты. Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин көпшілікке арнаған тілек лебізінде амандық, имандылық, бірлік, жақсылық ұғымы бір арнаға тоғысты. Жастардың Исламға, жалпы ілім-білімге бет бұрған ниетіне ризашылық білдірді.
Сыйлы қонағымыз – Бұланды мешітінің наиб-имамы Темірлан Темірханов тәрбиелеген шәкірттердің мәнерімен шырқаған салауат әуені тыңдарманның назарын өзіне аудартты. Аудан мешітінің наиб-имамы Еркебұлан Исенов әріптесінің әңгімесін туған күн иесінің дара жолы қамтылған аңызға бергісіз құнды деректермен, жан баласы қызығарлық уағыздармен барынша әсерлі әрі тартымды деңгейде толықтырды. Пайғамбарымыз өз ғұмырында ту етіп өткен, бүгінгі күнделікті қарбалас тірлігімізде әрбірімізге ауадай қажет мейірім мен ізгілік, кеңпейілділік пен жанашырлық қасиет баршаға ғибрат болсын деген тоқтамға келді.
Жергілікті танымал өнерпаздарымыз Дильназ Әлмағамбетова мәнерлеп оқыған «Уақыттың қадірі» өлеңі, Алдияр Алдасүгіров, Мақсат Байдолда, Нұрболат Хуантхан шырқаған ән, Асқар Өсіпов пен Медет Жетпісов шерткен күй көпшіліктің ықыласын иеленді. Өңірімізде он үш жыл қызмет атқаратын Жандос Базарбековтың имандылық бағытындағы еңбегі елдің көз алдында. Ханафи мазғабы жолымен үгіт-насихат ісін, діни рәсімді бір ізге түсіруге, жастарды жат ағымның жетегінен сақтандыруға, жалпы ел тыныштығына қосқан үлесі өлшеусіз. Игі еңбектің, дұрыс бағдардың жемісі: бүгінгі күні ауданымызда төрт шәкірт Елорданың «Нұр Мүбәрәк» университетінде білім алуда.
***
Әуелі Алланың шарапатымен, екіншіден, ел тұрғындарының демеушілігімен осындай ауқымды да сауапты, берекелі де мерекелік шара ұйымдастырылды. Мерекелік шараға арнайы бір жылқысын тарту еткен жаңажолдық «Ырыс» шаруашылығының иесі Рауанда Әлжанов, ауызбірлік пен жомарт көңіл, елгезектік пен кең пейіл танытқан, ортақ істің басы-қасында жүрген жандар, жекелеген ауыл имамдары мешіт имамының арнайы Алғыс хатын, естелік сыйын иеленді. Салауат оқыған шәкірттерге де сый-кәде үлестірілді.
Мағжан Жолдасов ақсақал ізінше ата дәстүріміз негізінде үлкен асқа бата берді. Өмірден өткен барша ата-баба, туыс-жұрағат рухына Құран хатым түсірілді.
***
Мәуліт мейрамы күні ел сүйінерлік жағымды жаңалыққа, сүйінші хабарға елең еттік. Имандылық жолында, қайырымдылық бағытында тағы бір ауқымды іс тындырылған екен. Алдын-ала құрылған қорға жомарт пейілді жерлестеріміз: Күншалған, Шәкей, Ынтымақ, Сілеті ауылының, Ерейментау қаласының азаматтары, сонымен қатар Бекім Әкімов, Сәбит Шақаевтың, Балтабай Бөкешевтің, Қайрат Махметовтың отбасы мен туысқандары, «Еркіншілік элеваторы-2002» ЖШС, Қайыркен Жақып, Бейсенбек Қаратаев, Төлеген Тілеубаев, Қайролла Исмағамбетов, Дәурен Сәкенбаев, Берік Ахметов, Жақсылық Рақымбеков, Олжахан Айдаболов, Жұмажан Боқанов, Азамат Ахметжанов қаржылай үлесін қосқан. Есепшотқа түскен қолма-қол ақшаға Ерейментаудан екі бөлмелі пәтер сатып алыныпты. Жаңа баспананың кілті ұйымшыл жандардың бірауызды шешімімен аудан имамы Жандос Аманұлы Базарбековтың отбасына сый ретінде арнайы табыс етілді. Ел жігіттерінің ынтымақ-бірлікпен атқарған ізгі ниетті, қайырымдылық амалын, жанашырлық пейілін барша қауым қуана қостады, қоныс иесіне құтты болсын айтып жатты. Мақаламызда есімі тізбектелген барлық адамдардың сауапты ісінің, адал ниетінің есесін Алла тағы да молынан толықтыруды, қолға алған кәсібін өрге бастыруды, өсірген ұрпағының қызығы мен игілігіне кенелтуді нәсіп етсін.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.