БАҒА МЕН САПА – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Аудан әкімдігінің жанындағы қоғамдық кеңестің бастамасымен қаланың азық-түлік дүкендеріне жүргізілген көшпелі рейд дәл осы мақсатты көздеді.
Жаңағы үкіметтік емес ұйым төрайымы Зейнеп Жүсіпова, «Ветеринария бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Күлбаршын Омарова, осы жолдардың авторы топқа кірген комиссия солтүстік және батыс жақтағы Заготзерно, Черемушки мөлтекауданының азық-түлік дүкендерін ішінара аралап келді.
Тексерушілер қанттың, тауық жұмыртқасының, өсімдік майының, жарма өнімінің баға мониторингінен бөлек, буылып-түйілген, мұздатқыш камераға қойылған жартылай дайын өнімнің, балықтың, сүт тағамының, кулинарлық өнімнің сапасына, әзірленген ай-күніне назар аударды. Негізінен бәрі де, сақталым мерзімі біткен кейбірін ескермегенде, санитарлық нормамен үйлесім тапты. Ішінара бүлінген тағамдар әрмен қарай сатылымнан шығару үшін өзге азық-түліктен бөлініп алынды. Ізінше дүкеншіге оны жеткізуші фирма менеджерінің кезекті сапарында айырбастап алуды ұсынды. Сауда орнының иелері сертификация құжаты мәселесі бойынша ақылдасуға «Ветеринария бөліміне» келіп жолығулары шарт.
Бақылаушылар халыққа ұсынылатын азық-түліктің сараптама актісінің, ілеспе құжатының, анықтамасының, шығарылған күні мен жарамдылық мерзімі көрсетілетін сапа сертификатының бар-жоғына да назар аударды. Тексеріс барысында сатушыларға сәйкес негізде жаңа тауар легін қабылдаған сәтте осы мәселеге жіті назар аударуға кеңес берілді. Көкөніс пен жемістің тауарлық көркінің бұзылыссыз сақталымы – сауда ісінің негізгі қағидасы. Астана мен Павлодардың тағам өнеркәсібі өндіріс желісі сауда-саттық қызметі аясында біздің кәсіпкерлерімізбен барынша жақын араласады. Барлық дүкендердегі азық-түліктің бағасы негізінен біркелкі. Жекелеген сауда орындарында мониторинг бойынша сәл-пәл қымбатшылық сезіледі. Бұл да жеткізуші фирмамен келісімге байланысты амал.
Қаланың сауда орындарына, диеталық санатын есептемегенде, бөлке нанды жекеменшік наубайханалар жеткізіп береді. Сапа мен салмақтың тиісті норма-стандартпен үйлесімі рейд комиссиясының негізгі талабына айналды. Жекелеген нан бөлкесін электронды таразы арқылы тексергенде шамалы салмақ айырмашылығы анықталды. Наубайшылар мен технологтар ескеретін жайт. Норма мен стандарт сәйкестігі – мәртебе-бедел кепілі. Наубайхана иелеріне айтар қосымша тілегіміз: нан таситын көлік жүргізушілері арнаулы киіммен, ағаш сөремен қамсыздандырылғаны абзал. Дүкеншілермен жүргізілген ұсыныс сипатындағы әңгіме халықтың азық-түлік қауіпсіздігін сақтауды, тұтынушы құқығын қорғауды, қызмет көрсетілім сапасын жақсартуды мақсатқа айналдырды. Соңғысы рейд өкілдерінің ұсынысын ықыласпен құп алды.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.