«ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» АЛҒАШ РЕТ ЖАРҚЫРАДЫ

Ереймен өңірі ұдайы, жасы мен ұлтына қарамастан, өнер иелерімен даңқы шығып келеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, ел Тәуелсіздігі күні құрметіне өңірімізде алғаш рет «Екі жұлдыз» шығармашылық конкурсы өтті. Бастама иелері: тыл және еңбек ардагерлерінің аудандық-қалалық кеңесі, ішкі саясат бөлімі. Өнерпаздарды қолдаған – аудандық мәдениет үйі. Ерекшелігі неде? Телеарнада, мектептерде жаңағы жоба жиі қолға алынып та жүр. Түпкі мән-мақсаты отбасылық құндылық-дәстүрді ұрпаққа мирас етуді, көпке танытуды, бір әулеттің аға және іні буынының арасында ән өнерін, халық ауыз әдебиетін дамытуды көздейді. Қала мен ауылдық жерден бақ сынауға төрт отбасы ниет білдіріпті. Олар: Гүлбаршын Тілеубаева мен немересі Жұлдыз, Валентина Луцевич пен немересі Валентина Копчакова, Тайбай ауылдық округінен Төлеубай Мәриям мен немерелері Мүбәрак, Фатима, Бозтал ауылынан Зұлыбек Алмажан мен немересі Бақытбек Айым.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Қарашаш Қалқаманова конкурстың мақсат-міндетін жария етті, төрешілерді, әрбір жұпты таныстырды.
Әулетіміздегі ең жанашыр, қадірлі жандарға қаншама тартымды әуен мен өлең шумағы арналды. Олар өз перзентіне қол ұшын берумен қатар сүйікті немересінің тәрбиесіне де уақыт таба білетін қамқор пейілді әжелер. «…Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды», деген өлең жолы дәл осы абзал жандарымызға арналған. Оған: ата-әжесі бар жандар мәңгі бала қалпында қалады, деп ой қосқымыз келеді.
Төлеубай Мәриям өзін таныстырғанда Моңғолиядан атамекенге қоныс аударғанын, алты құрсақ көтергенін, қазір он алты немере, екі шөбере көрген бақытты әже екенін әңгімеге негіз етті. Шаршы топта Тәуелсіздік күнімен орайластырылған театрландырылған көрініс ұсынды. Фатима «Менің Отаным» өлеңін мәнерлеп оқып берді. Мүбәрак домбырамен «Телкоңыр» күйін күмбірлетті. Мәриям әжей халыққа танымал «Әке жыры» әнін әуелетті. Жалпы туған жерге, отбасына сүйіспеншілік сезімін таныта білді.
Валентина Васильевна Луцевич, орыс халық хорының өнерпазы, немересі Валентинамен бірге әскери кезең тақырыбынан бір эпизодты сахналады. Жауынгерлер шаршы алаңда баянның сүйемелдеуімен жан тебірентерлік әуенді шырқап отыр. Ізінше Анна Германның репертуарына енген лирикалық әнге кезек берді.
Бозталдық қос өнер иесі – әже мен немере тамаша дуэт құрды. Бұл жұп мазмұнды да тартымды өлең шумағын ұсынды. Ізінше вокалды нөмірге кезек берді. Зұлыбек Алмажан мен Бақытбек Айымның сүйкімді дауысы тыңдарманның жүрегіне жылы тиді. Ұясынан қанаттанып ұшқан балапанға сәт сапар, ақ жол тілеген ән мазмұны бәрімізді мол әсерге бөледі.
Гүлбаршын Төлеубаеваны заманауи, креативті ой-пайымды жан ретінде атай аламыз. Үш жасар немересі Жұлдызбен бірге екі ән орындап берді. Бірі шыршаға арналды. Келесісі «Бремен музыканттары» мультфильміндегі Ханшайымның әні болды.
Төрешілер орындаушылардың вокалдық дерегін бағалауға ден қоймады. Әйтседе кез келген жарыста ең ұйымшыл, білікті жандар ерекшеленеді. Дарын иелері жүлделі орын мен Бас жүлдені бөлісіп алды. Үшінші орын тайбайлық отбасылық триоға бұйырды. Екінші орынды Валентина Луцевич иеленді. Гүлбаршын Төлеубаева бірінші орын алды. Бас жүлдені бозталдық әртістер олжалады. Сахна саңлақтарының бәріне ұйымдастырушылардың естелік сыйы ұсынылды.
Шараны ұйымдастырушы Қарашаш Қалқаманова халық шығармашылығы бастамасын қолдағандары үшін Тайбай, Бозтал ауылы әкімдерінің атына, өз шеберлерін даярлаған клуб меңгерушілеріне, бөлме мен құрал-жабдығын ұсынған аудандық мәдениет үйінің өкілдеріне алғыс айтты. Ерейментау аудынының құрметті тұрғыны Сара Дүйсембаева басқарған әділқазылар тобы конкурстың дәстүрге айналуына, өнер жұлдыздары мен белсенді көрермен қатарының көбеюіне ортақ тілектестік ниет білдірді.
Раушан БАРЖАҚСЫ
Суретті түсірген автор.