ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ – САҚТЫҚ АМАЛЫ

Аудан әкімі Виктор Радченконың төрағалығымен, активтің қатысуымен өткен әкімдік мәжілісі жағымды жаңалықпен басталды.
Жекелеген бөлім бастықтары мен мамандары Кәмила Ахмедиярова, Нариман Бәешев, Дина Бексейітова, Сәния Сайдалина еңбек қызметінде толымды табысқа жеткені үшін ел Тәуелсіздігі күні құрметіне облыс әкімінің Алғыс хатын, Грамотасын иеленді.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Марал Сүлейменова өз мекемесінің халыққа сапалы қызмет көрсетуге арналған биылғы жылғы 11 айдағы жұмыс нәтижесіне тоқталды. Дәрігерлік пункттердің сапалық құрамы, тұрғындардың денсаулық жағдайы, ақпараттық-түсіндірме жұмысы, цифрландыру ісі – салалас мекемелердің компьютермен қамсыздандырылуы, денсаулық паспорты, «Даму Мед» жүйесіне қосылысы әңгімеге негіз болды. Тағы бір жаңалық: патронажды қызметтің әмбебап озық жүйесі құрылды. Әріптестерге осы бағытта дәріс оқытылатын болады. Орталық аурухананың алда күтілетін жөнделімі, өзге мәселелер тақырып мазмұнын қамтыды.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы Нұрбек Тоқсанбаев құқық бұзушылықтан сақтандыруға арналған биылғы жылғы 11 айдың қорытындысы туралы есеп берді. Бақылаусыз қалдырылатын мал ұрлығына, учаскелік полиция уәкілдерінің халық арасындағы кең ауқымды сақтық жұмысына назар аударылды.
Тыңдалған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.
***
Осы құрамда «Әкім күні» жиыны өткізілді.
Заман ағымы қандай болса да, газет әлі де бұқаралық үгітші-насихатшы қалпында қала береді. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Кәмила Ахмедиярованың ақпары республикалық, облыстық газетті алдырушылардың нақты санын қамтыды. Жергілікті қауымдастықтың төрайымы Зейнеп Жүсіпова аудандық басылымды таратушылардың, пошта байланысы торабының сылбыр жұмысына назар аударды.
Ветеринария бөлімінің бастығы Орал Төлеуов қоқыс алаңын, мал сүйегі қорымын, малды қамап-егетін арнаулы орын жабдықтауға қатысты жұмыс нәтижесін қысқаша баяндады. Қорымның заңдастырылымы, заңды ресімделген қоқыс алаңының құрылымы өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл істі өз деңгейінде қолға алған, енді соттың шешімін күтіп отырған әкімдер аталды. Маңызды жұмысты кешеуілдетіп жатқандар да назарға алынды.
Жаңажылдық мереке алаңындағы өрт қауіпсіздігінің сақталымы, тиісті құралдармен қамсыздандырылымы, бұл іске жауапты өкілдердің тағайындалымы 10-өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ерлан Айдрахмановтың сөзіне негіз болды.
Экономика және қаржы бөлімінің жетекшісі Амантай Хасенов бюджеттің уақтылы атқарылымы жайында ескертті.
Жиын әңгімесін қорытқан аудан әкімі жекелеген басшылар мен орынбасарларына нақты тапсырма белгілеп берді.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.