КАДЕТ – МӘРТЕБЕЛІ БІЛІМ ОРДАСЫ

Тайбай орта мектебінде «Патриотизм – ұлттық рухтың мәртебелі құндылығы» тақырыбына арналған облыстық семинар өтті.
Білім ордасына бастауыш әскери дайындық сабағының мамандары, аудан мен облыстың, көршілес аудандардың білім бөлімінің әдіскерлері, мұғалімдері жиналды.
Қонақтардың назарына бірнеше блокқа жіктелген тартымды бағдарлама ұсынылды. Олар: пленарлық бөлім, шеберлік сабағы, жұмыс тәжірибе бөлінісі, қорытындысы, рефлексиясы. Тарихшылар Алтын Дүйсембаева мен Ольга Кирсакова, ағылшын тілінің мамандары Ләззат Әбілова, Дмитрий Залесов, информатик Мақпал Төлендинова барлық сабақты бір демде жүргізді.
Оқушылар топқа бөлінді де, іле әрбір тапсырманы меңгеруге арналған мәтін таратылды. Кадеттерге көмек ретінде үстелге ноутбук қойылды. Балалар сабақ соңында «Мен тәуелсіз мемлекетте тұрамын» тақырыбына үй тапсырмасын орындады. Бүкіл сабақ бойы бейнеслайд көретілді.
Екінші бөлімі спорт залында жалғасты. Мектеп кадеттері марш әуенімен саппен жүріп өтті. «Бүркіт» әскери-патриоттық клубының төрағасы Жамбыл Жаншуақов мектеп директоры Асқар Ералиновқа отрядтың сапқа дайындығын баяндады.
Баршасы орындаған Әнұран әуенімен салтанатты түрде мемлекеттік Ту жеткізілім сәті айрықша әсерге бөледі. Дәл осы тартымды көрініс оқушыларды ел рәміздеріне мақтаныш пен ілтипат сезіміне жетелейді.
Оқуда үздік шыққан тоғыз шәкірт «Жас ұлан» гимнінің әуенімен салтанатты жағдайда республикалық «Жас ұлан» қоғамдық бірлестігінің қатарына қабылданды, ізінше арнаулы куәлік ұсынылды. Отанға адал болуға ант қабылданым сәті – ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жалғасқан қастерлі парыз. Балалар қабылдаған ант мәтіні болашақ сарбаздың рухани-өнегелілік бағдарының бірі. Қонақтарға галстук байлау құрметі бұйырды.
Облыстық дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық орталығының әдіскері Виктор Яковенко ұйым қатарын толықтырған шәкірттерді құттықтады. Кадеттің оңай еместігін, бұл мектепке өткендердің өз елінің лайықты азаматы болатынын атап өтті. Алда оларды бірталай қызықты жүздесу, мереке күтеді. Өйткені Қазақстанда кадеттік білім жүйесі бірнеше жылдан бері өріс алып келеді. Олардың түрлі патриоттық шараларда ауданның намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдірді. Тіпті мектеп бітіргенде, әскери мамандықты таңдамаса да, игерген білімі міндетті түрде игілікке асады. Кадеттер қоян-қолтық ұрыс, Калашников автоматын шашып жинау, противогаз кию әдісін көрсетті.
Семинар бойы әскери-патриоттық тәрбиеге арналған әдістемелік кітап, түрлі қару мен әскери техника көрмесі безендірілді. Ниет білдіргендер мектеп музейін аралап көрді.
Жиналыс залында мектеп оқушылары даярлаған мерекелік концерт қойылды. Балалар ән айтты, би биледі, тақпақ оқыды. Ән-күй сабағының мұғалімі Ләззат Әміренованың жетекшілігімен кадет хоры тартымды өлең шырқады. Шығарма авторы – Қазақ КСР-ына еңбегі сіңген мұғалима, бүгінде марқұм Күлшен Қанапиянова.
Семинар рефлексиямен қорытылды, шаршы топтағы меймандар ой бөлісті,сұрақ қойды.
Степногорск қаласындағы №5 орта мектептен Дастан Дүкенов, қала мен ауылдардың пән мұғалімдері, интернационалист-жауынгер Хамит Өмірзақов мектептермен өзара әріптестік, патриоттық жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Ізінше Тайбай орта мектебі мен Ерейментау ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі арасында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі кадет сыныбы оқушыларының әскери-патриоттық тәрбиесіне арналған өзара әріптестік туралы меморандум бекітілді.
Аудандық білім бөлімінің бастығы Совет Нұрғазин қорытынды кезекте кадет қозғалысы аясында әріптестермен тәжірибе бөлісуге уақыт тапқан қонақтарға алғыс айтты. Баршасына сәттілік, игі ісінің өрге баса беруін тіледі.
Қазақстанның, аудан жастарының патриоттық тәрбиесі үшін Олжабай, Бозтал, Малтабар ауылы орта мектептерінің бастауыш әскери дайындық сабағының мамандары Қанат Қоқымбаев, Қайролла Жәниев, Қонақбай Шпекбаев, Тайбай орта мектебі кадет сыныбының қосымша білім ұйымдастырушы-педагогы Ардақ Имашев грамотамен көтермеленді.
Облыстық семинарды ұйымдастырған – аудандық білім бөлімі.
Людмила МАРКОВА.
Суретті түсірген автор.