ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ ОРТАҚ

Тігін-тоқыма кәсібі – ұрпақтан-ұрпаққа ана сүтімен дарыған, мәңгілік мирас болған қастерлі өнердің бірі.
Әсіресе сапалы да бағалы кездемеден тігілген, ісмер адамның қолынан, жаңа ғана ине-жіптен шыққан киім де, бұйым да, ел назарын өзіне аудартады. Қаламыздың «Дин-Дон» сауда үйіне бара қалсаңыз – оған айқын куәгер боласыз.
Жүзінен мейірім нұры төгілген, өз кәсібіне шын ниетпен берілген шебер келіншек Жанар Қалибек (суретте) сізге де іздеген бұйымыңызды көңілге қонымды бағамен ықыласпен ұсынып жатады. Әсіресе қазақы ою-өрнекпен әшекейленген, қыздың жасауына лайықталған төр көрпе, жастық көздің жауын алады. Ал тиісті ыңғайымен, бізкесте арқылы түрлі-түсті жіппен өрнектелген, әсем көркемделген үлкенді-кішілі тойқалтаңыз, қоржыныңыз, имандылыққа жетелейтін жайнамазыңыз кез келген отбасылық қуанышқа лайықты тарту болатыны, той иесінің көңілінен шығатыны анық.
Сонымен бірге стеклярус моншағымен өрілетін кобдиша, әмиян, сабын сауыт, үлкенді-кішілі ваза – бәрі-бәрі туыс-жақынға тарту етілетін естелік кәдесыйға әбден сұранып тұр. Түсі әркелкі моншақ тасын тиісті ою-өрнекке бейімдеп, өз орнына лайықтап орналастырудың өзі көп еңбекті, тапқырлықты, ептілікті керек етеді. Епті келіншектің нәзік қолы осы іске әбден бейімделгенін аңғартты.
2014 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан атамекенге көшіп келген, Ереймен өңірін қоныс еткен отбасы өзінің таза адал еңбегімен, қарым-қабілетімен айналадағы жандарға пайдасын тигізіп келеді. Әңгіме арасында қарапайым елгезек жерлесіміз бүкіл өнерді өз анасы Төлеген Кәләмәннан үйренгенін, игілікті іске бала жасынан ықылас қойғанын айтып өтті.
Жанар – өз отбасында аяулы жар, ұлағатты ана. Үкілеген екі гүлі – қыздары мектеп қабырғасында білім алуда. Ер баласы білім жолын №8АТК-де жалғастырып жатыр, болашақ құрылысшы.
Жанар Қалибек өткен жылы “Ақмола жұлдыздары обылыстық көркемөнерпаздар байқауында” үздік қол өнерімен танылды. Арнайы Дипломды иеленді.
Жаңа жыл қарсаңында Жанардың өнеріне құмартушылар мен қолөнер бұйымын тиісті талғамымен тұтынушылар қатарының көбейетініне сенім білдірдік. Кәсіп аясының әлі де кең өріс ала беруін тіледік.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.