ШЫН НИЕТПЕН ҰСЫНЫЛҒАН СЫЙЛЫҚ

Астананың Қайырымдылық клубы делегациясының Ерейменге келетіні туралы әлеуметтік желіде хабар тарады.
Бұл күні қаламыздың №1 орта мектебінің салтанат залында Аяз Ата, Ақшақар бастаған ертегі кейіпкерлері шырша тойын бастап жіберген еді. Балалар көпке танымал «В лесу родилась елочка» әнінің әуенімен сәнді ағашты айналып өтті. Үш тілде тақпақ оқыды, ән шырқады. Көңілді ойын ойнады, тәтті жүлдеге қол жеткізді. Көп балалы, шағын ауқатты, жетім санатындағы отбасының 52 өреніне жаңажылдық сыйлығымен азық-түлік сәлемдемесі үлестірілді. Қала мектептерінің 25 баласы, олардан бөлек, тәтті сый қалташасын иеленді. Ата-аналар мен қамқоршылар сонымен қатар алыстан арнайы жеткізілген балалар киімінің ішінен өз баласына лайықтысын ықыласпен таңдап алып жатты. Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов көпшілікті алдағы Жаңа жылмен құттықтады. Балаларға ілім-білімді қажырлылықпен меңгеруді, білімін елге арнайтын азамат болып өсуді, ата-аналарға зор денсаулық, өмірдің барлық жақсылығын тіледі. Елордамыздағы үкіметтік емес ұйымның әлеуметтік әлсіз жандарға, жалпы саны 250-ден астам отбасына, үшінші рет көмек бергенін атап өтті. Тобына Ерейментау ауданының волонтерлары да енген, делегация өкілдеріне Алғыс хат ұсынды, бейбіт өмір, қажымас қайрат, ізгі ниет, толымды табыс, сәт сапар тіледі.
Бұл күні, тіпті сарышұнақ аяздың өзі ықпал ете алмаған, айналаны жылылық шуағына, мейірім нұрына, сүйіспеншілік лебіне бөлеген тартымды жаңажылдық мереке ұйымдастырылды.
Қонақтарды аудандық білім бөлімінің өкілдері қарсы алды.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.