СЫРҒАНАҚ – ЖАН РАҚАТЫ БАР БАЛАНЫҢ

Қаланың орталық алаңында стандартты мұз кірпіштен салынған, әсем шырша орнатылған, ертегі кейіпкерлерінің мүсіні қардан жасалған қысқы сырғанақ алаңы қонақтарды да, қалалықтарды да, қызықтырады.
Қала әкімдігі жылда қыс түсісімен баланың таза ауада ойнауына жағдай жасаудың қамын ертерек ойластырады. Бұл, біріншіден, кішкентайлардың демалысын қызықты өткізуге, екіншіден, ағзасын жастай шынықтыруға негіз болады. Оған қоса оқушыларға табиғи материалдан арнайы даярланған жаңажылдық сыйлықпен теңеседі.
Биыл да біздің ойын алаңымыздың көркі көңілден шықты. Ортақ іске Николай Кравченко басқаратын шаруашылық жүргізу құқығындағы «Эко Жәрдем» мекемесі өлшеусіз көмек көрсетті. Жасанды шыршаны орнатуға, безендіруге, қар төбешігі мен өзге объектінің құрылысына «Ерейментау Су Арнасы», «Теплосервис» кәсіпорны қолғабыс тигізді. Олар өз мүмкіндігіне қарай техника, еңбек құралын берді. Қала әкімдігінің қоғамдық жұмыскерлері де мол еңбек сіңірді.
Бірлескен істің нәтижесінде айналасы түнгі уақытта жарық шамымен, түрлі-түсті гирляндамен, иллюминация лампасымен көмкерілген шағын қалашық бой көтерді.
Ұл-қыздардың қысқы каникулда, сабақтан қолы босаған уақытында осы жерге ықыласпен, әуестік ниетпен ойынға жиналатынына көңіліміз толады.
Бұдан бөлек, жылда БЖСМ мәдени-спорт кешенінің ауласында хоккей алаңы жабдықталады. Ниет білдірген балалар мен ересектерге тиісті өлшемімен ыңғайлы бағамен прокатқа коньки де беріледі. Кез келген жастағы адам күн сайын жаңағы алаңда коньки спортының қыр-сырына қанығады, әлде әуестік негізде мұз алаңында бір мезгіл бой сергітеді.
«Ерейменнің» өз ақпараты .