БАЛА ҚУАНСА – ПЕРІШТЕ ШАТТАНАР

Желтоқсанның соңғы күндерінде қала мен елді мекендердің барлық мектептерінде, балалар бақшасында бүкіл жастағы оқушыларға арналған жаңажылдық ертеңгілік – мереке ұйымдастырылды. Сәнімен безендірілген шырша ағашының маңында бәрі ортаны ән мен биге бөледі. Құмарынан шыққанша ойын-сауық өткізді. Үкілі үмітпен, ізгі ниетпен 2019 Жаңа жылды қарсы алды.
Торғай ауылдық округіне қарасты Жаңажол ауылы да қалыс қалған жоқ. Жергілікті негізгі мектеп әкімшілігі мен ұстаздар ұжымы Аяз Ата мен Ақшақарды ортаға шақырып, өз шәкірттерін қуаныш пен шаттық сезіміне бөледі.
Білім ордасында шыршатой өтетін күні біз де аудан басшылығы тарапынан тосын сыйға кенелдік. Мерекелік көрініс нағыз қарқын алған шақта аудан әкімі Виктор Радченконың тапсырмасымен оның орынбасары Абай Әлжанов ауылымызға келді.
Қонағымыз мектеп фойесінде барлық оқушылардың қуанышын ықыласпен бөлісті. Аяз ата (мектеп жантанушысы Роза Боранбаева) мен Ақшақардың ( ән сабағының мұғалімі Гүлнәз Салықова) жетегімен шыршаны айналдық, ата-аналардың қошеметімен ән шырқадық, мәнерлеп тақпақ оқыдық. Қонағымыз ізінше аудан әкімдігінің және өз атынан денсаулық пен амандық, сабақта үздік табыс тілегімен бәрімізді құттықтады. Сонымен бірге даярлық тобы мен 1-4 сынып оқушыларына, жалпы 29 шәкіртке, сыйлық қалташасын табыс етті. Оған бәріміз қуандық, ризашылықпен алғысымызды білдірдік.
Абай Еламанұлы мектебімізге жылда жыл арнайы келіп тұрады. Әрбір сапарында кезекті мереке құрметіне кішкентайларды әспеттейді. Әлеуметтік сала жетекшісі ретінде, пән мұғалімдерімен, жоғары сынып оқушыларымен жүздеседі, сабақ оқытылымына, болашақ ой-жоспарымызға назар аударады. Осының бәрі туған жерімізде сапалы білімге, келешекке берік негіз қалауымызға септесіп жатады.
“Ерейменнің” өз ақпараты