ЛАЙЫҚТЫ БАҒАЛАНҒАН ЕҢБЕК

Абай Әлжановтың өткен жыл аяқталар шақта Жанажолға келген сапарында елді-мекеннің байырғы тұрғыны, негізін қалаушы, тыл ардагері Бикүл апа Мұқановамен, мал шаруашылығы саласының бұрынғы еңбеккері Қайыркеш аға Салпықовпен арнайы жүздесті.
Бикүл апа Ұлы Отан соғысы жылдарында колхозда еңбек етті. Жас шамасына қарамастан ауылда бүкіл науқандық жұмысқа белсене қатысты. Өгізге жегілген соқамен жер жыртты. Шөп шапты, егін орды. Соғыстан кейін елге жеңіспен келген майдангер, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Тайшық Мұқановпен тұрмыс құрды. Отағасы ұзақ жыл Торғай совхозының бөлімшесінде жылқы бақты. Отбасылық жұптың балалары, немере, шөберелері өсіп-өнді. 94 жастағы әжей бүгінгі күні немересі Қанат пен келіні Қымбаттың аялы алақанында.
Еңбек ардагері, осы ауылдың тумасы Салпықов Қайыркеш ақсақал жастайынан еңбекке араласты, бүкіл саналы ғұмырын мал шаруашылығына арнады. Қарапайым еңбегімен Ерейментау және бұрынғы Сілеті аудандарының экономикасын нығайтуға үлес қосты. Ғұмырлық жары, бөлімшенің бұрынғы сауыншысы, «Алтын алқа» алқасының иегері Рымкеш Мұқанқызымен бірге өз балаларын еңбекке, адалдыққа, ізгілікке баулып өсірді. Ерлі-зайыптылар, өнегелі ата-ана, қазір балалары мен немерелерінің ортасында ғұмыр кешуде, өз ұрпағына лайықты тәрбие беріп келеді.
Қос ауылдас Ерейментау ауданының 90 жылдығы құрметіне мерейтойлық медальға ұсынылған болатын. Абай Әлжанов Жаңа жыл қарсаңында жерлестеріне бала-шағасының көз алдында жаңағы марапатын салтанатты жағдайда табыс етті. Қуаныш иелеріне зор денсаулық, бақыт, ұзақ өмір тіледі.
Ата-әжелерінің елге сіңірген еңбегінің лайықты бағасы, абырой-мәртебесі келешек ұрпаққа зор тәлім, мол өнеге.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.