ҚАРЖЫ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ – ДАМУ КЕПІЛІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазанында қазақстандықтарға жария еткен “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауы тәуелсіз еліміздің келешек ой-мақсатын толық паш етті.
Өз тәуелсіздігінің 27 жылында ғасырға бергісіз іс тындырып , өткен кезең жетістігін салмақтаудың, келешекке бағыт-бағдар межелеудің,әлеуметтік-экономикалық дамуына мән-маңызы ерекше. Жыл сайынғы жаңағыдай директивалық құжатта егемендігімізді баянды етуді, алдағы асқақ арманымызға жетуді көздейтін міндеттер межеленеді. Ал оның нақты іспен пысықталып жатқанына барша ел куә. Халықтың әл-ауқатының оңалғанын, әлеуметтік инфрақұрылымның өркендегенін, отандық өндірісіміздің біртіндеп ілгерілегенін аңғарып та жүрміз. Осы игі істің басында Ұлт көшбасшысының еңбегі ерен екеніне күмәніміз жоқ.
Түрлі ақпарат көздерінен мәлім болғандай, бүгінгі күні жер жаһанда өнеркәсіп пен қаржы дағдарысы белең алып жатқан шақта, Президентіміздің ішкі мүмкіндігімізге, отандық өндірісіміздің, экспорттық әлеуетіміздің, жалпы экономикамыздың келешегіне жіті мән бергеніне көңіліміз толады. Ал зейнетақы мен жәрдемақы төлемін қожыратпай, жүйелі жүргізу, замана көшімен үйлестіре өсіру, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысын молайту мақсаты көпшіліктің қамын ойлағанның белгісі. Бұл орайда бізге, қазынашылық басқармасына, тиісті қаражат қорының, экономика саласына тартылатын тиісті инвестициялардың межелі орнына уақтылы жеткізіліміне, тиянақты игеріліміне елеулі жауапкершілік жүктеледі. Ойымыздағы іс пен жүктелген міндетті Ерейментау қазынашылық басқармасының ұжымы бірлесе абыроймен атқара білгені – Елбасы аманатын орындауға қосқан үлесіміздің нышаны болмақ.
Аманшылық болса, Елордамен шектесетін ауданымызда 2019 жылы да өндірісі өркендеп, қазынасы толығатынына, Жолдау тапсырмасын орындауға жерлестердің еңбек әлеуеті мен қаражат көзінің үйлесімді болатынына сенгіміз келеді. Сенім үдесінен көріне білсек – бағымыз зор, Президенттің көздеген арманы баянды, мәртебеміз еселі бола береді.
Г.СӘДУАҚАСОВА,
Ерейментау аудандық қазынашылық басқармасының басшысы.