«ЕРЕЙМЕН» АШҚАН ЕСІМДЕР

Қазақтың ат қою дәстүрі бойынша, жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Әр отбасы нәрестенің құлаққа жағымды, әдемі есімге ие болғанын қалайды. Кейбірі баласына аты аңызға айналған, еліне еңбегі сіңген тұлғалардың есімін қойып жатса, кейбірі заманауи есімді таңдайды. Енді бірі қасиетті Құран Кәрім ілімінде кездесетін атауларға мән береді. Осыған орай, біз де өңіріміздің ерекше есімді жандары туралы айтпақпыз.
Азалия Сейсембаева-Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің 1 сынып оқушысы. 2012 жылдың 15 мамырында Ерейментау қаласында дүниеге келді. Анасының айтуы бойынша, есімін әжесі қойған. Ол бразилия тілінен аударғанда гүлдің атауын білдіреді екен.

Егде жастағы қарттың бұндай заманауи есім бергені бізге де қызық болды. Сұрай келе, әжесінің көп кітап оқығанын білдік. Гүлдей болып жайнап жүрсің деген мақсатпен қойыпты. Қазіргі таңда Азалияның оқу үлгерімі өте жақсы. Болашақта дәрігер болуды армандайды. Қазақтың ұлттық аспабы домбыраны үйренуге ынтасы жоғары. Анасы ендігі жылы домбыра үйірмесіне беруді жоспарлап отыр.
Асқар Арафат Сағатұлы – №2 орта мектеп-лицейінің 4 сынып оқушысы. 2008 жылы 18 қарашада Ерейментау ауданы Шәкей ауылында дүниеге келді. 10 күндей сәбиге есім берілмеген. Анасының айтуынша, алғашында «Солиман» атауын бергісі келген. Кейін әкесі Сағат Арафат есіміне тоқтаған. Ол мұсылмандардың қасиетті қаласы Меккеден 20 шақырым жерде орналасқан тау атауы екен. Арафат көңілі жайсаң, мейірімді, бауырмал бала. Сыныптастарымен, ұстаздарымен қарым-қатынасы жақсы. Қазір домбыра үйірмесіне қатысады. Анасы «нағыз қазақ домбыра тартуды білу керек» дейді. Негізі жақсы көретін пәні-әдебиет. Болашақта өз шығармаларын жазуды, әкім болуды көздейді.
Осы тақырыпты әлеуметтік желіде де қарастырған болатынбыз. Нәтижесінде өңірімізде Дияр, Жансель, Альнияз, Раузалия, Альтаир, Шаттық, Шыңболат, Альнияз, Сагира, Самира, Раяна, Айнара, Руханият, Балдан, Фараби, Ясмин, Балданыш, Шадияр, Әлидар, Арқат есімді жандар бар екен.
Иә, қызықты да тартымды есімдер жайлы ақпар осы. Бала тәрбиесі әрине, маңызды. Бірақ, сәбиге ат қою одан да маңыздырақ. Кейбір деректерде есімі тағдырына әсер етеді деген қағида бар. Бірақ, заман қандай болса да, аты затына сай болғанға не жетсін!
P.S. Бізбен көршілес Қорғалжын ауданында Мукаддас Атаджанова есімді тұрғын бар. Көкшетау қаласы Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінде білім алған. Қазіргі таңда туған жерінде мектепте жас маман. Есімін әкесі қойған. Араб-парсы тілінен аударғанда қадірлі, қасиетті деген мағынаны білдіреді. Әкесінің мұндай есім бергеніне, ол кісі Араб елінде болған-ау, сірә, деп топшыладық. Бірақ, олай болмай шықты. Кейіпкерімнің айтуы бойынша, әкесі түрік фильміндегі басты рөлді сомдайтын медбикенің есеміне ұқсатып қойыпты.

Зарина КЕҢЕСОВА
Суреттер электронды поштадан алынды