МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Тыл және еңбек ардагерлерінің қалалық кеңесінің жиыны «Өлке тарихы парағынан» шолуымен басталды. Кітапхана қызметкерлері Гүлшат Тілеукенова мен Ольга Попова дайындаған игі шара Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына негізделді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауына, «Президент өмірінің бір күні», «Ерейментаудың киелі орындары», «Жан жарасы – Ауғанстан» кітап көрмесіне, мемлекет пен өңір тарихындағы өзге мәнді оқиғаларға баршаның назарын аудартты.
Ардагерлер ұйымының өкілдері кітапхана мамандарының қызықты да танымдық әңгімесіне құптарлық ниетпен құлақ түрді. Төлеген Әбдин, Мақсұт Баймұрынов, Амангелді Мәжитов есімі ұмытылмайтын айтулы тұлғалар, тартымды оқиғалар жайындағы мәлімет желісін кеңейте беруді ұсынды.
Тыл және еңбек ардагерлерінің қалалық кеңесінің төрайымы Қарашаш Қалқаманова «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өз ойын ортаға салды. Құжат мазмұнын өскелең ұрпақ пен аға буынға танымал етуге лайықты әдіс-тәсілге ден қойды.
Бұл күні «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының кезекті партия конференциясына делегат сайлауы өтті. Осы негізде Саяси кеңестің мүшесі Амангелді Мәжитов №5 Жамбыл сайлау округінен делегатқа үміткер ұсынды. Ұсынысты көпшілік бірауыздан мақұлдады.
Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Ұрқия Қанафина кітап қорына шолу жүргізді. Баршаны осында келуге шақырды. Алдағы уақытта жұртшылықпен емін-еркін араласуға лайықталған коворкинг орталығының ашылатыны туралы айтты.
Қарашаш Қалқаманова тыл және еңбек ардагерлерінің қалалық кеңесі мүшелерінің мәжіліс әңгімесін түйіндеді.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор