ҰСЫНЫС ЖАСАЛДЫ

Бөгенбай батыр атындағы аудандық тарихи-өлкетану мұражайында аудан әкімінің орынбасары Абай Еламанұлының төрағалығымен жиын өтті.
Шаршы топқа үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Мұражай менгерушісі Ләззат Түгелбаева күн тәртібіне қойылған «Бөгенбай батырдың жорық іздерімен» инновациялық жобасы аясында атқарылған іс-шараға тоқталды. Тарихи мекеменің алдағы жоспарымен бөлісті. Жиынға қатысушыларға Саққұлақ би кесенесіне апаратын жол торабына билборд орнату, айналасын абаттандыру мақсатында ұсыныс жасады. Ізінше сөз аудан әкімінің орынбасарына берілді.
Абай Әлжанов үстіміздегі жылы ұйымдастырылатын Олжабай батырдың 310 жылдығы туралы әңгіме қозғады. Жоба негізінде өткізілетін экпедицияға бірлікпен үн қосуға шақырды. Соңдай-ақ, Арқа жерінің биі Саққұлақ бабамыздың мәңгілік қоныс орнын қалпына келтіру барысында туындайтын мәселелерді көпшілікпен бірлесе талқылады.
Аталмыш тақырып негізінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин өңіріміздің киелі нысандарын ұрпаққа таныстыру мақсатында, білім саласында да бұл жүйелі талдану қажеттігін ескерді.
Жиын соңында қатысушылар арасында мұражай алқасы сайланды. Игі істің әлі де толық пысықталатынына сенім білдірді.
«Өлі жебемей, тірі байымайды»,-демекші, ұлыларымызды ұлықтап, олардың мәртебесін көтеру «Рухани жаңғыру» аясындағы игі істің бірі болмақ.
Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Суретті түсірген автор