КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде ақпараттандыру үрдісі белсенді түрде белен алуда. Коворкинг орталығын құру осы бағдарламаны іске асыруға ықпал ететіні анық. Бірақ, коворкинг дегеніміз не?
Коворкинг ағылшын тілінен аударғанда дара немесе ұжымдық еркін жұмыс істеу орны. Басты мақсаты – келушілерге жайлы жағдай жасау. Әсіресе, жастардың шүйіркелесу орны десек болады. Сондай-ақ, кез келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналасуына, арнайы тақырыптарда дөңгелек үстел ұйымдастыруға, шахмат, дойбы ойнауға, жаңа келіп түскен кітап қорымен танысуға зор мүмкіндік туғызады.
Біздің өңірімізде де аудандық кітапханада коворкинг орталығының ашылу салтанаты өтті.
Жиынға аудан әкімі Абай Әлжанов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы торағасынаң бірінші орынбасары Медеу Әбжіков, Дербес бөлім басшылары Сайлау Жылқыбаев, Кәмила Ахмедиярова, жұмыспен қамту, жастар ресурстық орталығының өкілі қатысты.
Ашылу салтанаты мекеменің кітапханашылары Гүлшат Тілеукенова, Арайлым Сапарова мен әдіскері Ольга Попованың сөзімен басталды. Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасарына берілді. Абай Әлжанов аталмыш шараның мақсатына тоқталып өтті. Оқырмандарға жайлы жағдай жасаған мекеменің ұжымына өз алғысын айтты. Ізінше қатысушылар да ақ тілек-лебізін жалғады. Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Ұрқия Мағымқызы орталықты ашуға ықпалын тигізген жандарға алғыс айтты. Шара соңында өңіріміздің әншісі Алдияр Алдасүгіров ән жолдады.
Иә, аталмыш орталық қазіргі таңда елімізде көптеп ашылуда. Бұл әрине, қуантатын жағдай. Бірақ, өңірімізде пердесін ашатын келесі орталықтың бұдан да кең, жарық, ахуалы көңілге қонымды болса нұр үстіне нұр болар еді.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Суретті түсірген авор