ТҰРМЫС САПАСЫ, ӨМІР ДЕҢГЕЙІ ЖАҚСАРТЫЛСЫН

Барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есепті кездесуі жалғасуда. Газет тілшілері өткен аптада аудан әкімдігінің өкілдерімен бірге жаңағы кездесуге қатысты. Айта кететін жайт, округ пен елді мекендегі, қаланың мөлтекауданындағы жиналыс барысындағы ахуал бірқалыпты, ізгі ниеттің нышаны аңғарылады. Аудан әкімі Виктор Радченконың «Ерейментау ауданының 2018 жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2019 жылға арналған міндеттері туралы» есебін қанағат сезімімен қабыл алды. Ауыл, ауылдық округ әкімдерінің баяндамасы аудандық газетте жарық көрді.
ӨЛЕҢТІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ
Өлеңті ауылдық округінің әкімі Алмагүл Мұстафина ауыл клубында өз округінің тұрғындарына 2018 жыл ішінде атқарылған жұмыс туралы есепті баяндамасын ұсынды. Алдағы жылға арналған жоспарымен бөлісті. Өлеңті ауылы мен стансасы арасындағы жолды тегістеуді, ауыл көшесіне шам орнатылым мәселесін шешуді көздейтінін айтты. Түйінді мәселелер – темір жол вокзалының жұмыс режимі, Қоржынкөл стансасы тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсетілім реті аталды. Арнаулы жәшікке салынған ұсыныс-сауалдар жария етілді. Халық ауылдың электр желісіндегі қажетті кернеудің жоқтығына, жылда осы мақсатқа қаржы бөлінсе де, ауыл көшелеріне шам жағылмайтынына толғанады. Округ әкімі қуатпен жабдықтайтын компанияның техникалық талаптарға орай ауылда жарық желісін салудан бас тартқан себебін нақты түсіндірді. Айтпақшы, бұл мәселе ауданның көптеген елді мекен тұрғындарын алаңдатып отыр.
Аудан әкімі бұл мәселені сессияда қарауды, ауылға шам орнататын жобалық-сметалық құжаттамаға қаржы бөлгізуді ұсынды. Әрмен қарай экологияға, тасқын сумен толығып тұратын табиғи көлдердің сақталымына, шаруашылықты кеңейтуге лайықты жайылым бөлінісіне, шаруа қожалығының ашылымына, жол өткелі проблемасына, плотинаны қалпына келтіруге, суармалы алаң құрылымына, көмір қазатын кәсіпорын жанындағы ортақ қолданыстағы жолға шлагбаум қойылуының заңдылығына, клубты қалпына келтіруге, қазіргі ғимараттағы жиһаздың сапасына қатысты сұрақ қойылды. Ауылдастар сонымен қатар Өлеңті ауылдық округінің депутаты Қайрат Махметовқа да ауылдастардың проблемасын шешуге белсене араласу міндетін төтесінен қойды.
Есепті кездесуді түйіндеген аудан басшысы өлеңтіліктерге аудан өміріне белсене араласқаны үшін алғыс айтты, Халықтың тұрмыс сапасын, өмір деңгейін жақсарту жолында абыроймен, табысты еңбек етуге шақырды.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.
****
АҚСУАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ
Жиынды ашқан ауылдық округтің әкімі Ерғанат Қыздарбеков Елбасының Жолдауы және мемлекеттік бағдарламалардың басым міндеттерінің жүзеге асырылымы шеңберінде атқарылған жұмыс туралы нақты мәлімет ұсынды.
Округ әкімінің, алдында газетте жарияланған, есебіне сәйкес өңірде мал шаруашылығын өркендетуге ден қойылуда.
Жергілікті орта мектептің материалдық-техникалық әлеуеті жаңартылып келеді. Әлеуметтік салаға, жалпы туған жер тағдырына жаны ашитын демеушілеріміз -шаруашылық иелері, бизнес өкілдері алғысқа әбден лайық. Баяндама аяқталғанда тұрғындар өз сұрағын қойды. Информатика мұғалімі Ж.Б.Сүлейменова Педагог мәртебесі туралы заңның қашан жобаланатынына назар аударды. Мал бағылымы, коммуналдық қызмет, сымсыз интернет орнатылымы әңгіме мазмұнына айналды.
Аудан әкімі педагогтардың жеңілдігі Заң шеңберінде қарастырылатынын айтты. Келесі сұраққа желілік байланыс телекоммуникация торабының басшысы Д.Әбділов жауап берді. Сымсыз интернет орнатылым мәселесінің жақын арада шешілетінін айтып сендірді.
«Бәйтемір» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бәйтеміров жайылымдық жер бөлінісіне қатысты аса маңызды мәселені көтерді. Жер қатынастары бөлімінің бастығы Елена Олексиенко Жер кодексіне бүгінгі таңда өзгеріс енгізілгенін, жаңа ереже қабылданғанын баяндады. Барлық іс бір ізге түсірілгеннен кейін ниеттілер конкурсқа қатысуына болады. Жер комиссиясының шешімімен оларға жер беріледі.
«Ерейментау Құлан» ЖШС-нің директоры М.Шәмшинұров барша тұрғынды толғандыратын қоғамдық монша салғызуға арналған сұрақ қойды. Округ әкімінің жауабында Г. Кәмішев жеке кәсіпшілігімен келісім бары, қаржы мәселесі шешілгенде бұл істің қолға алынатыны айтылды.
Бұл округтегі есепті кездесу позитивтік сипат алды. Ауылдастар тәуелсіздік кезеңі ішіндегі жетістікті, әл-ауқаттың нығайғанын, әлеуметтік мәселенің оң шешіліп жатқанын айтты.
Сөз түйінінде баршасы округ әкіміне алғыс жолдады, әрмен қарай әріптес болатынына үміт білдірді.
****
ЕРКІНШІЛІК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ
Округ әкімі Жаңабай Амангелдинов 2018 жыл ішіндегі жұмыс және биылғы жылға арналған міндеттер жайында есеп берді
Жиын барысында әртүрлі сипаттағы сұрақ қойылды. Ауылдың дәрігерлік амбулаториясын қоршауға, кентішілік жолды жөндеуге, телефон аппаратын жөндейтін шебердің жоқтығына, поштаның дұрыс жеткізілмейтініне, мектептің спорт залы мен Мәдениет үйінің күрделі жөнделіміне, Сарыадыр көмірінің қымбатшылығына қатысты әңгіме қозғалды.
Ауыл мен ауылдық округтердегі есепті кездесуге аудандық мәслихаттың хатшысы, аудан әкімінің орынбасары, округке бекітілген уәкілдер, ауданның жекелеген мекеме басшылары қатысты.
Людмила МАРКОВА.
Суретті түсірген автор.