ТҰЖЫРЫМДЫ ӘҢГІМЕ ӨРБІДІ

Аудан әкімдігінің жиналыс залында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқар Үйсімбаевтың есепті кездесуі өтті. Оған сәйкестелген облыстық басқарма мен департамент басшылары, қала, ауыл, ауылдық округ әкімдері, бөлім мен жергілікті ауыл шарушылығы өндірісінің, кооператив, баспасөз жетекшілері қатысты.
Асқар Съезбекұлы есепті кездесу басталарда шараның өткізілім бағдарламасын ұсынды. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша барлық өңірлерде әкім орынбасарларының жетекшілігіндегі салалар бойынша 2018 жыл ішіндегі қызметі мен ағымдағы жылға арналған міндеттері туралы есепті кездесуі өтеді. Агроөнеркәсіп саласы, мал мен егіншілік шаруашылығының дамуына мемлекеттік көмек, өндіріс иелерін несиелеуге, субсидиялауға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылымы, 2019 жылға бөлінген қаржы, облыс аграршыларының материалдық-техникалық жарақтандырылымы, өндірілген өнім, өңір дамуының барлық тармақтары бойынша өсім көрсеткіші әңгімеге негіз болды.
Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов өңіріміздегі саланың даму деңгейін нақты деректермен сипаттап берді. Шаруа иелерінің, жайылым алаңының жалпы санын, егін мен мал өсірілімінде қол жеткізген табысымызды тізбектеді. Жүзеге асырылған инвестициялық бағдарлама, ісі өрге басқан шаруа иелері, «Бастау Бизнес» бағдарына үн қосушылар, өнім ұқсатылымы, индикативті көрсеткіштердің орындалымы, алқаптардың электронды картасының құрастырылымы, Елбасы межелеген елдің агроөнеркәсіп кешенін әрмен қарай дамытуға арналған басым міндеттер жайында айтылды.
Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қасым Итқұсов мал шаруашылығын өркендетудің кейбір мәселелері, 2019 жылға арналған негізгі міндеттер, индикативті талаптар, асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуын сүйемелдеу аясындағы субсидиялау нормативі мен шарттары, Ерейментау ауданының өндіріс иелеріне қолайлы жекелеген нұсқалар, бөлінген қаржы туралы баяндады. Экспортқа сиыр етін өткізген, субсидия алған «Әлдібеков», «Казхоршмугалжар», «Төлеген», «Баэрбах» шаруашылықтары мен олардың басшылары және басқалары үлгі ретінде аталды. Жаңағы фермерлердің күткен малының тірідей салмағы стандарттан асып түсті де, артық салмақ төлемі кезінде бірқатар мәселе туындады. Сүт, қымыз, қозы еті өндірісінің субсидияланымы бүгінде өзекті мәселеге айналғаны айтылды. Әрмен қарай көпшіліктің назарына «Қолдау» порталында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылымына үн қосатын қадам тәсілі ұсынылды. Электронды сандық қолтаңбаның бар болуы порталға енетін міндетті алғышарт. Бұл жерден жайылымды суландыруға, шаруашылықтың материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға лайықты жобаларды тауып алуыңызға болады.
Әрмен қарай сала жетекшісі мен көпшіліктің арасында қызықты әңгіме жалғасты. Жайылым, шабындық пен егістік жер бөлінісіне, ұқыпты пайдаланылымына, қой мен жылқы өнімінің сатылымына, жер конкурсының уақтылы өткізіліміне, асыл тұқымды малдың субсидияланымына, банктің кепілдігіндегі жерге, көлік логистикасының әрмен қарай дамытылымына, асыл тұқымды мал өсіретін генетикалық орталықтың ашылымына лайықты сөз қозғалды. Жердің тиімді пайдаланылымы, заңнама шеңберіндегі кейбір мәселелер бойынша Ақмола облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадралина анықтама берді.
Жиын қорытындысында сөз алған «Ерейментау Ақбас» («Айзет Фарм») ЖШС директоры Мұрат Шәмшинұров мал семіртетін алаңның негізгі қызметі, тұқымдық бағыттағы етті мал шаруашылығын дамытуға арналған репродуктор ұйымдастырылымы негізіндегі жоспарлы жұмыс, сатылып әкелінген қазақтың ақбас және абердино-ангус тұқымды құнажыны мен қашар саны, 28 бұқаның жалға өткізілгені, кәсіпорынның ет комбинаттарының толық қуатында қамтылмайтыны жайында әңгімеледі.
«Жаңа Береке» ЖШС-нің директоры Айдар Нығметовтың сөзі тақырып жалғасына айналды. Ол мал семіртетін алаңның қызметі, асыл тұқымды мал шаруашылығы, алдағы кезеңге арналған жоспардың жүзеге асырылымы туралы ақпарымен бөлісті. Бордақыға төл қабылдауға қатысты өзекті мәселені баян етті.
Сала жетекшісі Асқар Үйсімбаев ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен, АӨК-мен белсене жұмыс жүргізуді, төл қабылданымына лайықты шарт бекітуді, тапсырылған малға алдын-ала ақы төлемін, алаңның жұмысын жандандыратын өзге тәсіл қолданысын, ет ұқсататын екі ірі кәсіпорынның бірлескен жұмысын жолға қоюды ұсынды. Жиын әңгімесін қорытты, көтерілген барлық мәселелерге шолу жасады, өзара тартымды әңгіме өрбігені үшін алғыс айтты.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Суретті түсірген автор.