ЫНТА-НИЕТ ЖАҚСЫ, ПРОБЛЕМА КЕДЕРГІ ЕМЕС

Қойтас ауылдық округінің әкімі Шәку Қожанованың халық алдындағы есебі Ажы мен Қойтас ауылының барлық тұрғындарының назарын өзіне аудартты.
Ауылдастар мен шаруа иелері негізінен мал шаруашылығына ден қойған. Бұл кәсіпке жайылым алаңы да, айналадағы табиғи шөптің мол қоры да, кең мүмкіндік беріп тұр. Жекелеген серіктестік, шаруашылық басшылары мал басын көбейтуге, тұқымын асылдандыруға ықыласты. Тиісті қозғалыс техникасын, еңбек құралын біртіндеп жаңартуда. Іс ауқымын келешекте кеңейтуге ден қоятыны аңғарылады. Ветеринарлық қызмет көрсетілімі де ойлағандай деңгейде.
Тұрғындар мен фермерлердің әлеуметтік сипаттағы мәселе шешіміне бірлігі мен ықыласы ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аудандық мәндегі кез келген шараға демеушілік жәрдем көрсетеді. Осының бәрі жергілікті атқарушы биліктің мәртебе-беделін еселейді, өзара сенімді нығайтады.
Биылғы жылға көшеге шам орнатуға, Интернетке қосылуға, су желісінің ағымдық жөнделіміне, Бастау-Бизнес бағдарламасы негізіндегі оқуды жалғастыруға, жергілікті мәндегі жолдың ой-шұңқыр тегістеліміне мақсат көзделген.
Аудан әкімі Виктор Радченконың әлеуметтік-экономикалық даму болашағы толық қамтылған, көрнекілікпен байытылған есебі ауылдастарды қанағаттандырды, әлеуметтік сала жаңалығына қанықтырды.
Ауыл тұрғындарын Сарыадыр көмірінің сатылым бағасы, зейнеткерлерге, мұғалімдерге жеңілдік қарастырылмағаны толғантты. Көктемде өзен суының деңгейі көтерілген шақта елді мекеннен жолға шығу, аудан орталығымен қатынас желісі қиындайды. Интернетті, ұялы байланысты жақсарту жолының іздестірілімі, қарапайым көпір салынымы билік өкілдерінің назарына ұсынылды. Барлық сұрақтарға лайықты анықтама берілді.
***
Серіктестігі, шаруа қожалығы, кооперативі – бәрі-бәрі мал шаруашылығын өркендетумен қатар түлікті асылдандыруға да ден қойған Бозтал ауылының өз шығар биігі баршылық. Барша қауым өткен жазда жеткілікті шамада шөбін үйіп алған, енді қысты алаңсыз өткеруде. Мал сауықтырылым мәселесі тиісті деңгейге қойылған. Енді ізінше жер алаңы ресімделетін мал қорымының құрылысымен, «Бастау Бизнес» курсының түлектерін несиелеумен, өрт сөндіретін құрал алдырумен орайласқан міндет кезегін күтеді. Кең жолақты Интернетке қолжетімділік, талшықты-оптикалық байланыс желісінің сандық технологиясына көшу реті, ауыл шаруашылығының әрмен қарай дамытылуы, жер мәселесінің шешімі, көше жолының жөнделімі – болашақтағы міндеттер. Қанат Мұқановтың есебіне осы тапсырмалар негіз болды.
Аудан басшысы Виктор Радченко жыл қорытындысын егжей-тегжейлі жария етті. Экономиканың даму болашағы, әлеуметтік сала, халықтың жұмыспен қамтылымы, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің енгізілімі барынша кең көлемде сипатталды.
Ауылдастар Өлеңті-Бозтал бағытындағы автокөлік жолының қолайлылығы үшін бірауыздан алғыс жолдады. Көпшіліктің қойған сұрағы ауыл мектебінің терезесі мен жылу жүйесін алмастыруға, мал өсіруге лайықты жер берілісіне арналды. Сарыадыр кенішінен алдырылатын көмірдің бағасы бозталдықтарға жеңіл тимей тұр. Өйткені отын ақысын төлеу үшін көлік жалдап Ерейменге сапар шегуге тура келеді. Өлеңті стансасының вокзалы мен билет кассасының пойыз келіп жеткенше жабық жататыны халыққа қолайсыздық тудырады. Әсіресе қақаған қыста перронда тұрудың өзі жеңіл емес. «АРЭК» акционерлік қоғамы отбасылық жағдаймен Астанада тұратын ауылдастардың уақытша тіркелімін жоққа шығарып отыр, бұл да тұтынылған қуат ақысын жергілікті жерде төлеуге кереғар әсерін тигізуде.
Аудан әкімі бірқатар сауалдарға тұжырымды жауап қайтарды. Кейбіреуін өз құзыреті шеңберінде шешуге өз орынбасары Әнуарбек Айтпаевқа аманаттады. Айтылған ұсыныс-тілектің бәрі назарға алынды.
Екі ауыл халқының да жемісті еңбекке бейімділігіне, өз өлкесін келешек ұрпақ игілігіне сақтауға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға, лайықты тұрмыстық жағдай жасауға ұмтылысына көңіліміз толды. Орайы келгенде өз әкімдерінің сіңірген еңбегін, сүбелі үлесін, ұйымдастырушылық қабілетін атап өткеніміз орынды болар, сірә.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.