ҮЗДІК ЖОБА – МАҚТАНЫШ

Ақмола облысында «2017 жылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы жетістігі үшін» конкурсы өткізілді. Бәсекелік шара осы сала өкілдерінің үздігін анықтауды негізге алды.
Ерейментау ауданының кәсіпкерлік бөлімі құжатнама ұсынуға лайықталып бекітілген ереже аясында үміткерлеріміздің өтінімін конкурсқа жолдады. Аудандық конкурстың жеңімпазы болып танылған өңір бизнесмендері кәсіпкерлікті дамыту саласындағы жетістігі үшін облыстық конкурс қорытындысында бірінші, екінші орынды иеленді. «KAZ ARMS» ЖШС кәсіпорнының басшысы Руслан Крафт, конкурс комиссиясының шешімі бойынша, «Үздік инновациялық жоба» аталымында алға шықты. Кәсіпорын импортты алмастыратын, жаңа үлгідегі қорғаныс шлемін жаңа технология негізінде даярлауға мамандануда. Құлпынай, түрлі сұрыпты гүл көшетін өсіріп-сататын «ФРУТИКА» жеке кәсіпшілігінің иесі Светлана Мирошниченко екінші орын алды. Жеміс-жидек бапталымының заманауи технологиясы алыс-жақын шет елде ежелден нәтиже беріп келеді. Жер алаңындағы интенсивті технология енгізілімі айрықша еңбекті қажет етпейді. Қол еңбегін жеңілдетуге арналған, жұмысы механикаландырылған көмекші техника, тамшылата суарылатын тәсіл, арамшөпті жоюға негізделген қопсытылым амалы, сапалы көшет – бәрі-бәрі мол өнімге негіз болады.
Жаңағыдай өндіріс желісі жұмыс орнын кеңейтеді, аудан бюджетіне кіріс енгізеді. Жарияланған конкурс бизнес өкілдерінің мәртебесін еселейді. Аудан, облыс, тұтас ел нарығын барынша сапалы, бәсекеге қабілетті отандық өніммен толықтыруға негіз қалайды. Қолға алған ісін әрмен қарай дамытуға, саланың заманауи тәсілмен басқарылымын кеңейтуге септеседі.
Жеңімпаз кәсіпкерлеріміз облыс әкімінің дипломымен, бағалы сыйлығымен көтермеленді. Табыс толымды болсын!