ЖАҢАРТЫЛҒАН ҮЛГІ – ЗАМАНА ЛЕБІ

« Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда. »
(Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы: табыс пен тұрмыс сапасын жақсарту» Қазақстан халқына Жолдауынан).
Өткен аптаның соңында Торғай орта мектебіне «Үштілділік пен жаңартылған білім жүйесі – зерттеу құзыреттілігін қалыптастыруға арналған құрал» тақырыбына арналған аудандық семинарға жиналдық. Мақсаты шәкірттердің жобалық және ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыру саласындағы кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге негізделді. Қала мен аудан мектептерінен жиналған, жалпы саны жетпіске жуықтаған түрлі пән мен білік маманының, директордың оқу ісі бойынша орынбасарының ортақ пікіріне сүйенсек – өткізілген сабақ пен сыныптан тыс шараның тақырыбы толық ашылды, мақсатына қол жетті.
Ауа райы жайсыз болса да, тәжірибелі басшы Жеңіс Бөдешев, оқу ісін білікті ұйымдастырушы орынбасары Шолпан Әлібекова басқарған ұжым өз әріптестерін жылы қарсы алды. Көпшіліктің назарына білім ошағының тұсаукесері ұсынылды. Оқушылардың аудандық, облыстық, республикалық конкурста зерттеу, ғылыми, шығармашылық салада қол жеткізген жетістігіне куәгер болдық. Ұжымның негізін қалайтын 32 оқытушының өз орны, сәйкестелген еңбек өтілі мен білігі, оқу-тәрбие ісінде қол жеткізген табысы баршылық. Әрмен қарай екі топқа бөліндік. Іле-шала ағылшын тілі, информатика, әдеби оқу, жаратылыстану, қоршаған ортамен танысу, химия пәнінің ашық сабағына шақырылдық. Пән мұғалімдері Гүлнәр Дүйсенова, Ардақ Қалхаман, Гүлмира Жүсіпова, Айгүл Ақбаева, Марал Әлжанова, Ақмарал Жексенова, сабақтың тақырыбына сәйкес, баламен жұмыс жүргізудің түрлі әдіс-тәсілін көрсетті. Әріптестер дәстүрлі және интеграцияланған үлгідегі сабақ барысында оқушыларына жан-жақты мағлұмат ұсынды. Креативті үлгіде ойлануға, алдағы мәселе шешімінің стандарттан тыс тәсілін іздестіруге, топтаса бірлесе жұмыс жүргізуге, сөйлей білуге, өз ойлағанын нақты айтуға, халықаралық терминдерді қазақ, орыс, ағылшын тілінде меңгеруге, сабақ барысында оны қолдануға бағыт берді.
Педагогтар әріптестеріне арналған пікір-тілегін ауызша айтумен қатар ұжымның шартты «табыс ағашына» стикер бекітіп жатты.
Аудан мектептерінің мұғалімдері, сабақ өткізілгеннен кейін, педагог-модератор, ағылшын тілінің маманы Жанар Бердыхожина ойлағандай деңгейде әзірлеген «Зерттеу ұйымдастырылым алгоритмі» коучингіне жиналды. Барлық қонақтар белсенділік байқатты. Шәкіртінің дәстүрлі және дәстүрден тыс ой-пайым тәсілі қолданылатын зерттеу жұмысы ұйымдастырылымының кезеңдік бағытына өз тәжірибесінде қол жеткізді.
Бесінші сынып оқушысы Ақтансері Нұртуған өзінің бірегей дарынымен таңдандырды. Ол креативті пайымдайтын өз тәлімгері Айнұр Елубаеваның жетекшілігімен, қолдауымен «Жылқының кемік майының емдік және косметикалық мақсаттағы қолданысы» тақырыбына ғылыми жоба әзірлеген. Мектеп директоры Жеңіс Атайұлы тұсаукесер басталарда жеткіншекті өлеңмен таныстырды да, батасын берді. Облысымыздың балалар шипажайының бірінде өтетін республикалық конкурста сәттілік тіледі. Нұртуған кемік майының өндірісі мен өңделім тәсілін еш қысылмастан емін-еркін түсіндіріп берді. Баршаның назарына балтыр терісін күтетін косметикалық гель, жылқы майы қосылған табиғи иіс сабын өндірісі рецебін ұсынды. Тәлімгерімен бірге бейнекөрініс даярлаған, онда Ұлы дала халқы өз білімін ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен, бабалардың ұзақжылдық тәжірибесіне негізделген зерттеу еңбегінің үлгілері келтіріліпті.
Ұстаз Абай Қызыров баршасын оқушылардың шығармашылық, зерттеу жұмысының нәтижесіне арналған экскурсияға шақырды.
Қорытынды кезекте сөз сөйлеген директордың орынбасары Шолпан Әлібекова, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Қатима Әубәкірова мектеп ұжымының атқарған жұмысына, ыстық ықыласты қабылдауына алғыс айтты. Барлық әріптестерге өскелең жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру ісінде табыс тіледі.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА