ЖОҒАРЫ БІЛІМ ҚОЛЖЕТІМДІРЕК БОЛАДЫ

– «Жолы қандай?» – деп сұрарсыз сіз. Жауабымыз да оңай.
Ұлттық бірыңғай тест тапсырылымы биылдан бастап қаңтарда, наурызда, маусымда, тамызда өтетін болады. Сонымен жоғары білім алуға ниетті кез келген жанға жылына төрт мәрте сынаққа кіруге, ЖОО-ына түсуге мүмкіншілік бар. Ол үшін емтиханда жалпы елуден астам балл жиылуы шарт. Ол – ҰБТ сертификатын алатын, жоғарғы оқуға құжат тапсырылатын межелі деңгей.
Маусым айынан өзге, үш емтиханға қатысқан талапкерге ЖОО-ына тек ақылы бөлімге ғана түсуге мүмкіндік береді. Тест тапсырылымына 2242 теңге төлеуге тиістісіз. Жаңағы үш тестілеудің қорытындысы бойынша басқа үлгідегі сертификат беріледі, ал олар грант алуға жарамсыз болады. Сертификат ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін күшін сақтайды.
Егер талапкер мемлекеттік грант алғысы келсе, онда ол міндетті түрде тест тапсыруы тиіс. Тек осы сынақтың қорытындысымен ғана грант конкурсына қатыса алады. Жоғары балл жинаған жағдайда бюджет есебінен оқытылады. Өзге емтиханның нәтижесі (сертификаты) қарастырылмайды.
Енді әрбір емтиханға бөлек-бөлек тоқталайық.
Қысқы «қаңтар» тестісіне келесідей үміткерлер қатыстырылады: 1. 11 (12) түлектер сыныбының оқушылары. 2. Қыркүйекте жоғарғы оқуға шартты түрде түскендер (олар межелі тіркелім баллын ала алмады, әйтседе оқуға қабылданды, оқу ақысын төлеп қойды да, қысқы сессияға дейін студент атанды). Егер олар ҰБТ тапсыра алмаса, онда оқуынан шығарылады, төлеген ақшасы қайтарылмайды. 3. Шығармашылық мамандықтан басқа мамандыққа ауысқысы келетін студенттер. Ол үшін олар міндетті түрде профильді екі пән тапсыруы тиіс. Істің мәнісі олар шығармашылық мамандыққа түскенде, профильдік пәннен тест тапсырған жоқ, сондықтан мамандығын ауыстырғанда жаңағы қарызын өтейтін болады.
Тестке қатысуға арналған өтініш күнтізбелік жылдың 1-15 желтоқсаны аралығында қабылданады. Емтихан қаңтардың 15-20 жұлдызы аралығында өткізіледі.
«Көктемгі» (наурыз) тестісіне 11 (12) түлектер сыныбының оқушылары қатыса алады. Егер олар межелі балл жинап алса, онда еш алаңдамай, мектептегі оқуын жалғастыра береді. Өйткені оқуға (ақылы бөлімге) түскенін біледі.
Тестіге қатысуға арналған өтініш күнтізбелік жылдың 1-15 ақпаны аралығында қабылданады. Емтихан 24-29 наурыз аралығында өтеді.
«Жазғы» (маусым) тестісіне мемлекеттік білім грантын иеленгісі келетін оқушылардың бәрі қатыса алады. Олар:
1.11 (12) түлектер сыныбының шәкірттері. Тіпті қаңтар мен наурызда тест тапсырғаннан кейін маусым айында да мемлекеттік білім гранты берілісіне арналған конкурсқа қатыса алады. 2. Орта мектептің өткен жылдардағы, колледж, техникалық және кәсіптік әлде орта оқу орнының түлектері. Сынаққа қатысуға арналған өтініш 10 наурыздан 10 маусымға дейін қабылданады. Емтихан 20 маусым -5 шілде аралығында өтеді.
Тамызда – ақылы бөлімге түсетін, бұған дейін алдыңғы бүкіл үш сынақтан межелі балл жинай алмаған жандардың бәрі тест тапсырады. Егер ол тағы да сәтсіздікке ұрынса, дегенмен оқуға ниетті болса, онда университетке бір семестрге шартты түрде қабылданады, осыдан кейін «қысқы» ҰБТ тапсыруы, сертификат алуы тиіс.
Тестке қатысуға арналған өтініш 25 шілдеден 3 тамызға дейін қабылданады. Емтихан 17-20 тамыз аралығында өткізіледі. Ерейментау қаласының №2 орта мектеп-лицейінде өтетін «жазғы» сынақтан өзге тесттің бәрі Астанада Гумилев атындағы ЕҰУ-де, Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетте, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде өтеді.
2019 жылғы ҰБТ тапсырылымының жаңалығы – енді ағылшын тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификатты иеленген талапкерлер «ағылшын тілі» пәнінен тест тапсырудан босатылады.
«Test of Englishas a Foreign Language Institutional Testing Programm; TOEFL ITP» – кемінде 310 балл. «Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm; Internet – based Test; ТOEFL IВТ», межелі балл – кемінде 79; «TOEFL» – межелі балл – кемінде 567; «nternational English Language Tests System- IELTS», межелі балл – кемінде 6.0.
Ағылшын тілінен тест тапсырғаны туралы сертификаттың бірін иеленген орта мектеп пен колледж түлектеріне 40 балл, қысқартылған оқу мерзімі қарастырылатын білім бағдарламасы бойынша оқуға түсетіндерге 50 балл есептеледі.
Жалпы, 2019 жылдың ҰБТ үлгісі 2018 жылғы қалпында қалды. Талапкерлер міндетті үш пәнін (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) тапсырады. Профильді екі пәнін әркім өзі таңдайды. Тест тапсырмасының жалпы саны – 120. Берілетін уақыты – 3 сағат 50 минөт (230 минөт).
Тестілеуге қатысу үшін қандай құжат қажет?
белгіленген үлгідегі бланкаға жазылатын сынаққа қатысуға арналған өтініш;
білімі туралы құжаты (түпнұсқасы) немесе оқып шыққан білім мекемесінен берілетін, коды мен оқытылған мамандық атауы көрсетілетін оқуын тәмамдағаны туралы анықтамасы;
тест өткізілгені үшін төлемі туралы түбіртегі;
3х4 көлемді екі фотосуреті;
086-У үлгісіндегі дәрігерлік анықтамасы;
жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесі.
Тестке қатысуға тиесілі ақшаны ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМКК-іне Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінің барлық кассаларына келесідей реквизит бойынша төлеуге болады: 010011. Астана қаласы, Жеңіс даңғылы, 60 үй. БИН 000140001853; ИИК KZ536010111000001515; БИК HSBKKZKX КБЕ 16. «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ.
Төлем тағайындалымы – «Кешенді тестілеуге арналған» (2242 тенге).
Сонымен қатар ақшаны «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ терминалы арқылы төлеуге рұқсат беріледі
ҰБТ тапсыруға он-лайн тестілеу жолымен де даярлануға болады. Ол үшін компьютердің іздегішінен «НЦТ» сөзін теріңіз. Әрмен қарай «Национальный центр тестирования» қалташасы бойынша «пробное он-лайн тестирование» айдарын тауып аласыз. Тіркелесіз, тест үшін «Киви-кошелёк» әлде «Касса-24» терминалы арқылы бір мәрте 260 теңге төлейсіз де, өзіңіздің білім деңгейіңізді білетін боласыз.
Бүкіл 11 сынып оқушыларына қосар кеңесіміз: жазда тест тапсыруға ниеттенсеңіз, «көктемгі» (наурыз) тестісіне қатысуға міндеттісіз. Осылайша Ұлттық тестілеу орталығының сұрақ дерекқорымен танысасыз, өз біліміңізді тексересіз, кәдімгі ҰБТ қалай өтетінін көзіңізбен көресіз. Бұл жазғы сынақ алдындағы «үлкен репетициямен» тең келетін қадам.

Ербол ИСАБАЕВ,
ҰБТ қабылдау пунктінің басшысы