«ҚАЙСАРЛЫҚ ПЕН ҚАСІРЕТ ТЕҢ ҰШТАСҚАН»

«Ауған соғысында қыруар қаржы шығындадық, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?»
(Қазақстан Республикасының Президенті Нұсұлтан НАЗАРБАЕВ).
1979-1989 жылғы кезең тарихы дәл осындай ақтаңдағымен ел есінде қалды. Ол – кеңес әскерінің шектеулі тобының Ауғанстан жеріне алғаш енгізілген және біржола шығарылған замана нәубеті.
Уақыт өлшемімен «ыстық нүкте» атанған, мызғымас Одақтың айбынды армиясы бейбіт тыныштығын сақтауға мақсат қойған, он бес республиканың солдаттары мен офицерлері жұдырықтай жұмыла туысқандық көмегін ұсынған алыс шет ел өмірі, құрбандар жайындағы нақты ақиқаты толық сипаттала қоймайтын. Иә, біздің қазақстандық жігіттердің де ата-баба ерлігіне, әскери антқа адалдық танытқаны әмбеге аян. Оны мақтан тұтуға толық хақымыз баршылық.
Осы айтулы оқиғаның 30 жылдығына орай Перуаш Кәрімұлы атындағы Малтабар орта мектебіне, әскери-патриоттық тәрбие сағатына жиылдық.
Білім ордасының ұжымы құрметті қонақтарды: интернационалист-жауынгерлер Есен Хасеновты, Аманғали Мұстафинді, Мұрат Салықовты, Қайыркен Елешовты, Марат Көпеновты ыстық ықыласпен қарсы алды. Омырауын Үкімет марапаты, мерейтойлық медаль көмкерген запастағы қайсар да батыл әрбір сарбаз қай жылы әскерге алынғаны, қанша уақыт қызметте болғаны жайында әңгімеледі. Айқас эпизодтары қамтылған, соғыс әуендерімен көмкерілген бейнекөрініс баршаның жүрегін елжіретті, уақыт оқиғасын көзге анық елестетті.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы подполковник Нұрлан Балықбаевтың жылы лебізі, Мақтау қағазы ілтипат шеңберін кеңейте түсті.
Оқушылардың сазды сәлемі, ұл-қыздардың тартымды өнері сахна ажарын аша түсті, меймандардың қошеметіне бөленді. Есен Хасенов ерейменнің соғыс және ішкі істер ардагерлерінің, жалпы саны 6 адам, өмірбаяны енгізілген, баспадан жуырда жарық көрген «Дорогами Победы» энциклопедиялық кітабын мектепке тарту етті.
Спорт залына кірдік. Тайбай орта мектебіндегі «Бүркіт» әскери-патриоттық клубының, қаланың №4 орта, Бозтал ауылы мектебінің оқушылары, алаң иелері қатысқан әскери ойын жарысын тамашаладық. Теориялық білімін тәжірибе жүзінде көрсеткен жоғарғы сынып ұл-қыздарының білігі мен ептілігі, тапқырлығы мен шеберлігі бір арнаға тоғысып жатты. Намысты қолдан бермеуді көздеген ұмтылысын әр кезеңде анық байқадық, шынымен сүйсіндік. Калашников автоматын, оқжатарын бұзып жинау, азаматтық қорғаныс, сүйегі сынған қаруласқа дала жағдайында алғашқы жәрдем көрсетілім реті, гір тасын көтеру, арқан тарту жарысы қызықты да тартымды көрініске айналды.
Әрбір тапсырманың орындалым уақытын есептеген, тиісінше ұпай берген әділқазылар жеңімпаз топты анықтады. Өз ыңғайына сай ұйымшылдық пен ептілік байқатқан Бозтал мектебінің «Жасұлан» тобы белсенділігі үшін аудандық оқу бөлімінің Грамотасын иеленді. Үшінші-екінші орынды №4 орта мектептің «Третий ряд» ойыншылары мен алаң иелері өзара тең бөлісті. Ал Тайбай мектебінің «Бүркіт» кадет сыныбының сарбаздары бәрінен озық шықты, Малтабар мектебі тіккен 1 орын кубогын олжалады. Барлық топқа аудандық білім бөлімі мен жастардың ресурстық орталығы тағайындаған заттай естелік жүлде ұсынылды. Ауыл мектебі өз атынан қонақ құрбыларына тиісті дәрежелі аспалы медаль тапсырды.
Ойыншылардың көтеріңкі риза көңілі, ауызбірлігі, пән ұстаздарының еңбек нәтижесі бізге де қуаныш ұялатты. Иә, жастарымызға қолындағы қаруын тек жаттығу мақсатына пайдалануды, келешекте егемен ел шекарасын қорғағанда алдыңғы толқын ағалар аманатына, әскери антына адал болуды бұйыртсын.
Аудандық білім бөлімінің басшылығы, Жастардың ресурстық орталығы, Малтабар мектебінің әкімшілігі, алғашқы әскери дайындық сабағының білікті, тәжірибелі маманы Қонақбай Шпекбаев, ФАП меңгерушісі Нұрзейнеп Біләлова бірлесе атқарған патриоттық бағыттағы тәлімдік шара осылай баршаны риза етті. Айтулы датаға, аға буынды құрметтеуге арналған, осы білім ордасының үлгісіне негізделген жиын өзге оқу орындарында да сәтімен жалғасуда.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.