АНТҚА АДАЛ, САЛТҚА БЕРІК САРБАЗЫМ

Интернационалист-жауынгер Рамазан Смағұлов – Еңбек ауылының тумасы. Павловка орта мектебінің түлегі. Білімін келешекте еліне арнауды көздеген талапкер жас жігіт 1977 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының механизация факультетіне оқуға түсті.
Келесі жылдың мамырында қалалық әскери комиссариаттан шақыру қағазы келді. Бұл көршілес Ауғанстан елінде апрель революциясы жаңа-жаңа бас көтере бастаған аласапыран, беймаза кезең еді Сарбаз 1979 жылдың желтоқсанында Алматы полкінің құрамында Түркістан әскери округіне ауыстырылды. Іле Н. әскери бригадасының танк батальонына жіберілді. Сонымен әскери-әуе десанты, барлаушы, сапер, артилллерия дивизионы біріктірілген 66-десант штурм бригадасы құрылды. Осылайша екінші танк батальонына қарасты танк взводының сержант шеніндегі командирі ретінде Отаннан шет жерде әскери қызметін атқарды.
Таулы-қыратты өңірмен Мазари-Шариф төңірегінен Пәкстан шекарасына дейін қанша шақырым жолды еңсергені айтуға ғана оңай. Танк өте алмайтын таулы асудан доңғалақты көлікпен өтуге тура келеді. Бір-бірін өзара алмастырған, Кундуз, Файзабад, Кандагар, Нахрин, Кабул, Жалалабад, Агадабад аймағы арқылы сапар шеккен топтың керуен жолы ешқашан тақтайдай тегіс, сапары сәтті, жан баласы үшін қауіп-қатерсіз болып көрген емес. Жол торыған қарсылас топтың қапылыста оқ жұмсайтыны, әлде жан-жақтан қоршауға алатыны, әлде тосыннан мина жарылатыны заңды құбылыс. Шатқал-өткелдерде жылжыған колоннаның әуелі алдыңғы, ізінше соңғы көлік иесі бірінші оққа ұшатыны, ізінше ортасындағы сапарластар ажал құшатыны -дұшпандардың алдын-ала ойластырған тактика-жоспары, айла-тәсілі деседі. Рамазанға да бірде өз тобымен Асадабад провинциясының тұсындағы Кунар шатқалында пуштундармен бетпе-бет айқасудың орайы келген. Бес қаруласы қапыда көз жұмды. Ал белден тиген оқ кейіпкеріміздің бүйрегін зақымдаған. Дереу тікұшақпен Жалалабад арқылы Витебск десант дивизиясының дала госпиталіне емге жеткізілген. Дерттен аман-есен айыққан, тиісті мерзімін толық өтеуді көздеген қайсар сарбаз комиссия тексерісінде, дәрігердің ақыл-кеңесін елемей, қайтадан өз бөлімшесіне сұранды. Әйтседе қолына емдеу мекемесі басшысының үшінші топтағы мүгедектігі көрсетілген қорытынды қағазы беріліпті.
1980 жылдың мамырында запасқа босатылған, туған жерге оралған Рамазан Смағұлов сол кездегі ерлігі үшін бөлім командованиесінен «За боевые заслуги» медаліне ұсынылған екен. Дегенмен бұл марапат тек үш жылдан кейін ғана аудандық әскери комиссариат арқылы иесін тауыпты. «Ештен кеш жақсы» дегендей, бұл да бір жағымды жаңалық. Өз ұясына, атақонысына аман жетуіне септескен әуелі Жаратушыға, ізінше маман дәрігерлердің біліктілігіне, қажырлы еңбегіне шүкіршілік етеді.
Қоса айтарымыз: жерлесімізге шыбын жанды шүберекке түйген дәл осы кезеңде «қара майор» лақап атымен көпшілікке танылған, қызметтестерге қорған-қамқор болған Қапшағай арнаулы әскер жасағының жетекшісі Борис Керімбековпен, төртінші рота командирі Бақытжан Ертаевпен, бертін Бақыт Смағұлмен бір ротада қарулас болуға дәм жазыпты. Облыс көлемінен аттанған, рейд уағында да, алғы шепте де, барлық қиындықты бірге бөліскен, бүгінде көзі тірі қарулас сарбаздар: Жақан Әбілдиновты, Рамазан Мұқаметжановты, Николай Тестовты, боздақтар Сергей Павленконы, Сергей Кравченконы, туған бауырдай болған өзге ұлт өкілдерін бір сәт ойлы жүзбен, ерекше сезіммен еске түсіреді. Таулы аймағы салқын, жазы аптапты өңірде бастан өткен түрлі эпизодтар, Құндыз өңірінде қоныстанған, ауған әскерінде мерзімді қызметте жүрген қандастар да ойға оралады. Түпкі мәні беймәлім ұрыс қимылының бәрі Ауғанстанмен көршілес елдердің жалдамалы жасағының арандатушылық амалы екеніне анық көз жеткізеді.
Зерек азамат Қатаркөл техникумын үздік бітіріп алды. Дипломды маман Целинный бөлімшесінде зоотехник қызметін атқарды. Уақыт өте келе ескі жарақат сыр берді. Алматылық көпті көрген профессор тексерілген пациентіне денсаулықты нығайту үшін атқа салт мінуге ақыл қосты. Ата кәсіпке ден қойған жігіт жылқышылыққа бет бұрды. Отбасын құрды. Ұлықты ұл, қылықты қыз өсірді. Немерелі ата атанды. Өкініштісі – жарының осыдан алты жыл бұрын дүние салғанында, бұл да тағдырдың жазмышы, тәңірімнің өз құлына ұсынған кезекті бір сынағы. Ақсақал жас – алпысқа аяқ басқан, өткенге шүкірлік еткен кешегі сержант енді елдің тыныштығын, егемен ел әскеріндегі іні буын сарбаздардың амандығын, ұлын күткен ақ жаулықты ананың жыламағанын, шекарамызда бейсауат оқ атылмағанын тілейді.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.