ӘДІС-ТӘСІЛ ТҮРЛЕНІМІ – БАСТЫ ҚАҒИДА

Өткен аптаның соңында Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінің концерт залында мәдениет қызметкерлері өзара кеңесуге жиналды. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев төрағалық жүргізген, сала жетекшісі Абай Әлжанов шақырылған басқосу Елбасының Рухани жаңғыру, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық құжатына негізделді. Шаршы топқа сала қызметкерлері, қоғамдық бірлестік өкілдері, еңбек ардагерлері келді.
Салтанатты бөлім басталар алдында фойеде тақырып негізіндегі көрме безендірілді.

dav

Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов көпшілікке жылы лебізін арнады. Ізінше Мемлекет басшысының бағдарламалық құжатында межеленген тапсырманы орындауды көздеген барлық саланың құптарлық жұмысын атап өтті. Қала, аудан, облыс көлеміндегі шаралардың бәріне белсене үн қосқандары үшін алғыс айтты.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Сайлау Жылқыбаев 2018 жылы атқарылған жұмыс туралы есепті баяндама жасады. Салалас мекеме саны, жұмыс бағыты, қызметтестер, белгілі жетістігі, Еркіншілік, Байсары, Тайбай ауылы клубтарының алдағы жөнделімі, мәдениетті дамытуға бөлінген қаржы, аудандық мәдениет үйінің жөнделгені әңгімеге негіз болды. Клуб жұмысында, кітапхана жүйесінде, халық шығармашылығын дамытуда қол жеткізген мәртебелі табысы үшін мемлекеттік марапатқа, Грамотаға ұсынылған әріптестерін тізбектеді. Аудандық мәдениет үйінің, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің, аудандық тарихи-өлкетану музейінің, Тілдерді оқыту орталығының бастықтары Сапар Барлыбаев, Ұрқия Қанафина, Ләззат Түгелбаева, Анар Хасенова негізгі баяндама бойынша жарыссөзге шықты. Әрбір әріптес жалпы жұмыс жайында статистикалық дерек ұсынды. Ізінше мемлекеттік бағдарлама аясында өткізілген шаралар туралы әңгімеледі. Құптарлық жұмыс қорытындысына, өзекті мәселеге, ағымдағы жылдың жоспарына тоқталды.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметов мәдениет қызметкерлерінің бағдарламалық құжатты жүзеге асыруына қатысты өз пікірін білдірді. Бағдарламаның санқырлылығы мен терең мәнділігіне; зерттеуге, халыққа танытуға тұрарлық жергілікті дереккөздерге назар аударды.
Кейбір басшылардың қызмет көрсетілім деңгейін арттыруды, оған кітапхана да кіреді, материалдық-техникалық әлеуетті жақсартуды көздейтін пікірін құптады. Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Төлеген Әбдин мәдениет қызметкерлері халықтың, әсіресе өскелең ұрпақ тәрбиесімен айналысатынын атап өтті. Бұл салада аудандық өлкетану музейі кең ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Өткізілетін шараларға ересектерге қоса жастар мен оқушылар да үн қосып жүреді. Күншалған ауылдық округіндегі ең ірі шаруашылық жетекшісі Бекім Әкімов өз сөзінде Золотхан Альдиева басқаратын ауыл клубының белсенді жұмысын әңгімеге негіз етті. Осылайша клуб ауылдастарды біріктіретін ортаға айналып отыр. Ауыл кітапханасының жөнделім проблемасын көтерді, оған елеулі көмек қажеттігін айтты.
Ресми бөлім тәмамдалғанда мәдениет саласының, осы санатта клуб, кітапхана, тіл оқыту орталығының үздіктері, өнерпаз әртістер, мәдениет белсенділері мен ардагерлері, демеушілер Алғыс хатпен көтермеленді. Жағымды рәсімді жүргізген сала жетекшісі мен тікелей басшысы толымды табыс, жаңа әдіс-тәсіл ізденісін тіледі.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Суретті түсірген автор.