МӘСЕЛЕ ӨЗЕКТІ. МІНДЕТ АУҚЫМДЫ

30 қаңтарда аудан әкімі Виктор Радченконың төрағалығымен Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінде қаланың әкімі Төлеутай Мұхамеджановтың қала тұрғындарымен есепті кездесуі өтті.
«Ерейментау қаласының 2018 жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері және 2019 жылға арналған міндеттері туралы» есепті баяндамада Елбасының бағдарламалық құжаты шеңберіндегі түрлі шаралар өткізілімі жайында хабарланды. Өткен жыл ішінде көптеген салаларда белгілі нәтижеге қол жетті. Әсіресе, шағын және орта бизнес қарыштап дамыды. Баяндамада қала инфрақұрылымының негізгі салаларының тіршілік қызметіне қатысты деректері қамтылды. Олар: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жылумен-сумен жабдықтайтын жүйе, жол жөнделімі, білім беру, денсаулық сақтау саласы. Әңгіме нақты мысалдармен пысықталды.
Есепті баяндаманы жалғастырған аудан әкімі Виктор Радченко өңір экономикасының барлық салаларын қамтып өтті. Жұртшылық жергілікті органдардың есепті кезең ішіндегі жұмыс нәтижелері туралы екі ақпарға да ықыласпен назар аударды.
Қорытынды кезеңде тұрғындардың сұрағына жауап қайтарылды. Залға ауызша-жазбаша сауал беруге лайықталған ашық микрофон қойылды. Қалалықтар негізінен шеткі өңірдегі көшелерге шам орнатылғанын, тарихи-өлкетану музейінің, «Заготзерно» өңірінде балабақша салынғанын, жолдың жөнделімін, қардан тазартылғанын жөн көреді. Коммуналдық қызмет тарифінің көтерілгеніне, емханаға қарасты дәріханада тегін дәрінің жоқтығына толғанады. Жантай батыр көшесіндегі, 76 нөмірлі үйдің салқындығы себебінен туындаған қиындыққа тоқталды. Қоса айтарымыз: мердігершінің шала-шарпы жұмысынан бірқатар олқылық туындағаны анық.
Барлық сұрақ пен ұсыныс негізінде анықтама берілді, кейбіреуі бақылауға алынды.
Кездесуге жиылған қауым қала әкімінің жұмысына жалпы құптарлық баға берді. Алдағы ісіне табыс тіледі.
Людмила МАРКОВА

Ауданымыздың елді мекендерінде қорытынды есепті кездесу өтті. Барлық өңір тұрғындарына өткен кезең ішінде атқарылған іс, алдағы уақытқа межеленген тапсырма туралы ақпар ұсынылды. Сонымен атқару билігі мен халық арасында ауызекі әңгіме өрбіді.
Сілеті мен Бестоғай төңірегіндегі есепті кездесуге жиналдық. Ауыл шаруалары мен тұрғындары негізінен мал өсіріліміне ықылас танытуда.
Ауыл әкімі Сәуле Сұлтанова кәсіпкерліктің, аграрлық және әлеуметтік саланың дамуына қатысты статистикалық дерек ұсынды. Аумақта, білікті маман сұралатын, облыстық психикалық денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр. Амбулаторияда да маман жетіспейді. Шаруалар елді мекен ішіндегі жолды тегістеуге, жұмыс орнын ашуға септесіп келеді. Дөңгелек жөндейтін цех, шаштараз, қоғамдық монша ашылым мәселесі кезек күтеді.
Ағымдағы жылға межеленген жоспар: тиісінше жалақы төленетін бақташы тағайындалымымен қоғамдық мал бағылымын қолға алу; Көшеге автономды жарық шамын орнату; ЖШС құрылымын өркендету; ауыл төңірегін көріктендіру; малдың ветеринарлық бақылауына лайықталған орын салғызып беру.
Аудан әкімі Виктор Радченконың есебі әлеуметтік-экономикалық даму жоспары мен міндетіне қоса, Сілеті ауылының орталық ауыз су желісінің жобалық-сметалық құжаттама ресімделімін қамтыды.
Бұл мақсатқа бюджеттен қаржы бөлінген.

Ауыл халқы арынды су мұнарасының тозғанын, штатта пошта қызметкерінің, медицина маманының, дәріхананың, Сілеті-Астана автобусының жоқтығын баян етті. Жастар саясаты да бірізді мақсатты талап етеді.
Сілетіліктерге қойылған әрбір сауал бойынша істің мәнісі түсіндірілді, тұйықтан шығатын жол ойластырылды.
Ауыл әкімінің ниет-талпынысы, ой-жоспары халыққа лайықты жағдай жасауға бағытталып отыр. Дегенмен тұрғындардың өздері де, сыншы, сырттай бақылаушы болмай, бірауыздан қолдаушы болғандары, ортақ іске құнды кеңес қосқандары, туған жерінің тіршілік қызметін назарда ұстағандары дұрыс болады.
***
Бестоғай ауылдық округінің құрамына аттас елді мекенге қоса арасын өзен бөліп тұрған Байсары ауылы, аймағында мыс-молибден кеніші игіріліп жатқан Қызылту ауылы кіреді.
Ауылдастар негізінен мал өсіреді, ұсақ сауда-саттықты кәсіп етеді. Былтыр округке келген инвестор картоп пен сәбіз өсірді. Ауыл халқына қоса көршілес Торғай өңірінің тұрғындары да плантацияға жұмысқа алынды. Мектеп, мәдениет ошағы қалыпты жұмыс істеп тұр. Байсарының тұрғындарына су құбыры тартылып берілген, есепті кезеңде төрт үй құбыр желісіне қосылды. Бестоғайға су желісіне жобалық-сметалық құжаттама жасатуға республикалық бюджеттен ақша бөлінді.
Ауыл әкімі Жомарт Мусин биылғы жылға бестоғайлықтарды сумен қамсыздандыруға, көше шамының жобалық-сметалық құжаттамасын ресімдетуге, қоқыс-қалдық алаңын заңдастыруға, ауыл клубын күрделі жөндетуге, автобус қатынасын қалпына келтіруге, Интернет байланысын реттеуге міндет белгілеп отыр.
Аудан әкімінің бейнекөрініспен пысықталған есебінде скважинасымен, резервуарымен, таратпалы желісімен су құбыры тартылатыны туралы хабарланды. Жаңа объектінің игілікке берілісі 2020 жылға жоспарланған.
Өңір халқын «АВВАС GROUP» жекеменшік серіктестігінің тұрғындар алдындағы берешегінің өтелім мәселесі толғантты. Бірінші сұраныстағы дәрі-дәрмек алдырылымы, тұрмысы әлсіз отбасыларға көмек, көше шамының жағылымы, мал ұрлығының тыйылымы, электр желісіндегі кернеудің әлсіздігі, табын құрастырылымы, бала тасылымы, қоқыс алаңы орнының нақты белгіленімі, жайылым реті – осы және өзге мәселе жергілікті атқару билігінің назарын аудартты.
ТҮЙІН. Айтылғандардың бәрі, бір жағынан, халықтың жанайқайы екені рас. Екінші жағынан қарағанда, ең оңтайлысын жергілікті қауымдастық, сақшылар арқылы, сәйкестелген орган өкілдерін араластырмай-ақ шешуге болады екен.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.