«МЕКТЕП ҮНІ» – ТӨЛ ТУЫНДЫ

Ажы мектебінің ұстаздар ұжымының бастамасымен, атауы латын графикасымен кескінделген «Мектеп үні» басылымының алғашқы саны биылғы жылдың 21 қаңтарында оқырманына жол тартты.
Компьютерлік әдіспен беттелген, түрлі-түсті принтермен шығарылған А4 көлемді шағын газеттің алғашқы беті «Рухани жаңғыру» эмблемасымен көмкерілген. Елбасының «Болашақ – білімді жастар қолында» деген қағидасы эпиграф ретінде алынған.
Бірінші бетінде Нью-Йорк қаласынан келген Оксана Антонюкпен кездесу сәті сипатталған. Қонағымыздың әкесі, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Михаил Антонюк кезінде қазақ ауылдарының тұрмыс тіршілігін қылқаламға арқау еткен. Ажы ауылында да болған деседі. Әсіресе «Апа» бейнесі кескінделген, Оксананың қолында сақталып келген суреттің кейіпкері ажылық Бәткен апа екені бертін белгілі болды.
«Ер қанаты- ат» дегендей, келесі беті қасиетті жылқы түлігін баптап-үйрету тәсіліне арналған, жылқы малының жас шамасына қарай аталу реті жайлы анықтама берілген. Жалпы атбегіліктің денсаулыққа берер пайдасы жайында кеңесшілік сипатта қызғылықты баяндалған. Жергілікті ақын ініміз Тухан Нұрболдың туған жерге арнаған төл шығармасы, жас шабандоздарымыздың жабағы-тай үйреткен сәті, түрлі-түсті суреттері көркімен көз тартады. «ОЙЛАН, ТАП» атауын иеленген соңғы беті баланың тапқырлығын сынайтын, ойлау қабілетін шыңдайтын сканворд, ребуспен көмкерілген.
Балапан басылымның әлі де буыны бекіп, қанаты қатаятынына, ұстаздардың жетекшілігімен шәкірттердің қаламының ұшталатынына, бірлескен еңбегінің нәтиже беретініне үміттіміз, тілектестік ниетіміз осындай. Кеше осы өңірде жасап өткен айтулы қаламгерлеріміз Зейін Шашкиннің, Аллажар Теміржановтың, көпке белгілі «Ажы вальсінің» авторы Зекебай Солтанбаевтың, бүгінгі айтыс ақындарының лайықты ізбасарлары шығармашылық қадамын осы шағын газет арқылы шыңдай түсетініне көзіміз анық жетеді. Ендеше сәт сапар тілейік!
«Мектеп үні» жергілікті жерде айына екі мәрте жарық көретін болады.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.