МУЗЕЙДЕГІ КЕЗДЕСУ

Аға буын өкілдері, еңбек ардагерлері Бөгенбай атындағы тарихи-өлкетану музейіне шақырылды. Бастама иелері – тыл және еңбек ардагерлерінің аудандық, қалалық кеңесінің жетекшілері Төлеген Әбдин, Қарашаш Қалқаманова.
Мекеме директоры Ләззат Түгелбаева қонақтарға ыстық ықылас танытты, әрбір бөлмені аралатып көрсетті. Құнды көне жәдігерлерге баршасы қызығушылықпен назар аударды. Ғылыми қызметкер Манап Әдірешев XVIII ғасырда туған жерді жоңғар шапқыншылығынан қорғаған батырларды таныстырды. Әйгілі қолбасшы, стратег, дипломат, аты аңызға айналған Ақша батыр ұлы Бөгенбай батырдың өмір тарихына, үзеңгілестеріне, ұрпақтарына жеке-жеке тоқталды. Олжабай батыр жайындағы деректер де тартымдылығымен ерекшеленеді. Халықты имандылыққа жетелеген көрнекі дін қайраткерлері, Ерейменнің киелі орындары толық сипатталды. Ұлы Отан соғысында ел қорғаған майдангерлерді, қазық қағып, жаңа орынға қала салған алғашқы құрылысшыларды, көрнекі тұлғаларды, қаламгерлерді таныстырды. Әрбір әңгіме тарих дерегінен мол сыр шертетін карта-сызба, фотосурет, ежелгі қару, көне бұйым көрсетілімімен пысықталды. Жиналған қонақтар Ереймен тарихы қайнарынан мол сусындады, тарихи оқиғаларды бір сәт үнсіз ой елегінен өткізді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары, құрметті меймандар кітабына қалдырған қолтаңбасы, өңір ақсақалдарының қарсы алған сәті тарихымыздың бір парағын толықтырды. Бертінгі уақытта жерлестеріміз музейге өткізген тұрмыстық бұйымдар, өлкетанушы қаламгеріміз Бөкеш Мейрамның қолжазба еңбектері, зергерлік заттар, музыкалық аспаптар әлі де көненің көзіндей барынша құнды.
Іргетасы 1948 жылы қаланған алғашқы үй, бастапқыда аурухана, бертін Пионерлер үйі қоныстанған мәдени-тарихи ғимарат жөндеуден де өтті. Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің тапсырмасымен енді жаңа үйдің құрылысы кезек күтеді. Дегенмен ескі үйіміз әлі де көзге ыстық көрінеді.
Мәселенің оң шешілетін, кең де жайлы ғимаратқа көшірілетін күн де алыс емес. Көпшіліктің ризашылық жүзінен, құптарлық әсерінен осы ойды оқығандай болдық.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.