«НҰРШУАҚТЫҢ» КЕЛЕШЕГІ БАЯНДЫ

Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінде «НҰРШУАҚ» отбасы клубы өз пердесін айқара ашты. Бастама иесі – аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Қатима Әубәкірова мен білім ордасының әкімшілігі
«Отбасы – өмір аясы» ұранын ту еткен, құрамына 8-11 сынып оқушылары топтастырылған жаңа ұйымның жұмысы жалпы жеті бағытты қамтиды. Ежелден жеті санын қасиеттеген қазекемнің игі дәстүр сабақтастығы ғасырлар бойы өз жалғасын тауып келеді. Заманауи технология қарыштап дамыған кезеңде, өзіміз жаһандану атандырған бүгінгі таңда ұлттық дәстүрімізге, тұрмыс салтымызға, төл кәсібімізге, деніміздің саулығына бір сәт көңіл қоюдың мәні зор. Күншалған орта мектебінде құрылған «Ғибрат» әжелер клубын өнеге ретінде атауымыздың жөні баршылық.
Құрметті қонақтарымыз: аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов, көпті көрген ана Сәуле Сәденова лента қию рәсімін жүргізді, көшбасшылар мен ұйымдастырушыларға ізгі лебізін арнады. Осы ұйымның аясында өсіп-өнетін, үлкендерден тәлім көретін ұл-қызға баянды бақ, елі мақтан тұтатын білімді, зерделі, ізетті, кішіпейіл тұлға болуын тіледі.
Жаңа ұйымның басшылығына тағайындалған жеті тәлімгердің бәрі көпті көрген, тәжірибелі аға-апайлар, ұл-қыз тәрбиелеген ұлағат иелері. Енді әрбір клубқа нақты тоқталайық: Аспаздық – Раушан Каушева, Салт-дәстүр – Күлзат Құсайынова, Қолөнер – Қалибек Жанар, Спорт-денсаулық – Қайыркен Жақып, Ауыл шаруашылығы – Аманбай Есімов, Ұлағатты сөз – Сәуле Сәденова, Кәсіптік бағдар – Жадыра Базарбайқызы.
Топ жетекшілерінің көздейтін мақсаты да айқын, ұстанған жолы да жарқын. Әрбір өкіл өзінің межелеген бағыт-бағдарына қысқаша тоқталып өтті. Негізгі мәнісі ата-әже ретінде бүгінгі немере ұрпағына күнделікті тұрмыстық кәсіптің қыр-сырын, әдептілікке, инабаттылыққа, ұқыптылыққа баулитын ұлттық педагогика ілімдерін, бой тазалығын насихаттауға арналып отыр. Межелі істің бәрі ұстаз қауыммен, ата-анамен бірлесе атқарылатыны көп жайдан хабар береді. Ер баланы келешек отағасы, әке, қызды болашақ адал жар, қамқор ана, өз үй-ошағының тірек-тұтқасы ретінде тәрбиелеудің, үй тірлігіне бейімдеудің негізі бүгіннен қалануы шарт. Бүгінгі алмағайып кезеңде ұлттық өнеріміздің де тасада қалмағаны, тағамымыздың рәсуа болмағаны аса маңызды. Саламатты өмір салтының да, отбасы іргесінің беріктігінің де, өз орны баршылық. Аманшылық болса, мамыр айында әрбір топтың игі ісінің түпкілікті қорытындысы шығарылады. Клубты басқаратын аға-апалардың тырнақалды қадамы табысты болатынына үмітіміз зор. Ұсынысты құптаған мектеп директоры Гүлбарам Сәрсенбаева да Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы тың идеялардың іспен нығайтылатынына, мақсатқа жетуге жаңа ұйымның мол септесетініне сенім білдірді. №8 АТК оқытушысы Жадыра Өтегенова бәрімізді тақырыппен үйлестірілетін, осы айда өтетін колледжішілік конкурсқа шақырды. Оқушылар Бекбаулы Әлішер мен Арынтай Әлиханның домбырадан төгілткен күй поппуриі сахна ажарын аша түсті.


Клубымыздың таңдаған атына сай әрбір таңы нұрлы, жұмыс күні шуақты болғай!
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.