ЖАҢА БЕЛЕСКЕ ҰМТЫЛЫС

Жұмыс аптасы аудан әкімі Виктор Радченконың төрағалығымен, өңір активінің қатысуымен өткен әкімдік мәжілісінен басталды.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амантай Хасенов 2018 жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері және бюджеттің атқарылымы туралы хабарлады. Экономиканың барлық салалары бойынша 2017 жылдың көрсеткіштерімен салыстырмалы дерек қамтылды. «Сарыадыр» кәсіпорнының банкроттық жарияланымына орай көмір қазбасының ауқымы азайды. Жол құрылысының тәмамдалуына байланысты негізгі капиталға тартылатын инвестиция бәсеңдеді. Келешекте жел-электр стансасы, дене тәрбиесі-сауықтыру кешені, өзге объектілер салынған сәтте көрсеткіш өсімі күтілуде.
Ізінше бюджеттің пайыздық қатынастағы кіріс-шығыс тармақ мәліметі қамтылды. Жалпы түсім түрлерінің, недоимканың, кредиторлық-дебиторлық борыштың, жалпы мемлекеттік сатып алу көлемінің 2017 жылмен салыстырма талдамасы сипатталды. Бюджетке енгізілген түзетілім, ауыл мен ауылдық округ әкімдіктерінің, дербес бөлімдердің қаржы есептілігін тапсырылым мерзімін бұзғаны әңгімеге негіз болды. Жыл басына арналған қаржы қызметінің талдамасы, облыстық рейтингтік көрсеткіш, басшылардың дербес жауапкершілігі қоса айтылды.
Аудан әкімі қаралған мәселе аясында бюджет игерілімі барлық органдардың жұмыс нәтижесі екенін атап өтті. Сол себепті бюджет ресурстарының пайдаланылымын тиімді жоспарлауды, әрбір жетекшінің оған жеке жауап беретінін ескертті.
Көрсетілетін мемлекеттік қызмет деңгейі, 2018 жыл ішіндегі қорытынды жоспарлы көрсеткіш, назар аудартарлық жекелеген жайттар: қала мен ауылдық округтегі тақырыптық баннер, бос орын жәрмеңкесі, қызмет көрсетілімінің баспасөз арқылы таныстырылымы, қаржы бөлінісіне арналған қосымша келісім әңгіме қозғауға түрткі болды. Мемлекеттік қызмет көрсетілімін үйлестіру бөлімінің басшысы Нариман Бәешев компьютер құралының жаңартылымына, пандус орнатылымына арналған сауал қойды.
Әкімдік мәжілісінде тыңдалған барлық мәселелер бойынша сәйкестелген қаулы қабылданды.
«ӘКІМ КҮНІ» МӘЖІЛІСІ
Ішкі саясат бөлімінің бастығы Кәмила Ахмедиярова халықпен жұмыс жүргізілетін заманауи ақпараттық құралдарға назар аударды. Жетекшінің пікірінше, әлеуметтік желі атқарушы органдардың өз жеріндегі жұмысының шынайы айнасы болып отыр. Ауыл, ауылдық округ әкімдіктері, дербес бөлімдер, мекемелер әлеуметтік желі қолданысына қатысты сынға ілікті. Аудан әкімдігі сайтының, аудан әкімінің, оның орынбасарларының, жекелеген округтердің жеке сайтының құптарлық жұмысы аталды. Жастар жылына, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылымына лайықталған сыртқы көрнекі жарнаманың жайы сипатталды. Баршаны осы іске белсене үн қосуға шақырды.
Мәлімет есебінің электронды жүйесі, яғни «цифрландыру» бағыты өмірімізге біртіндеп еніп келеді. Әлеуметтік бағдарламалар және халықты жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Марина Сердцева «Е-халық» базасы жұмысының, шаруашылық кітабы есебінің үш үлгісінің жай-жапсарын түсіндірді. Барлық әкімдерге зерделеуге, дерек енгізуге арналған нұсқаулық ереже таратылды. Пилоттық жоба Аршалы ауданының Ижевск ауылында жүзеге асырылған. Керек кеңесті жаңағы бөлімнен де алуыңызға болады. Өздігінен кәсіп атқаратын азаматтарға арналған бірыңғай бірлескен көмек төлемінің мән-жайын түсіндіріп берді. Межелі төлем ауыл халқының басым бөлігіне лайықты әлеуметтік кепілдікті көздейді. Жария етілген ақпардың бәрі ойға алынды.
****
ІС-АМАЛ ҮЙЛЕСІМДІЛІГІ ҚАЖЕТ
Аудан әкімі Виктор Радченконың төрағалығымен өткен кеңес құқық бұзушылықтың алдын алуға арналды. Шаршы топқа аудан прокуроры, аға әділет кеңесшісі Қанат Әмрин, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы мен қызметкерлері, аудан активі, журналистер жиналды.
Ерейментау АІІБ бастығы Келден Сыздықов өз мекемесіндегі барлық бөлімшелердің қызметі туралы есеп берді. Құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға арналған дерек ұсынды. Халықты айрықша толғандырған мал ұрлығы мәселесіне тоқталды. Үй иелерінің өз малын ИСЖ дерегіне, есеп кітабына енгізуге құлықсыздығы, осы негіздегі ықпалды шаралар қазіргі таңда өзекті мәселе туындатып отыр.
Пробация қызметі бөлімінің басшысы әділет майоры Абзал Төлендинов, әлеуметтік бағдарламалар және халықты жұмыспен қамту, ветеринария, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастықтары Марина Сердцева, Орал Төлеуов, Алмагүл Әлжанова негізгі тақырып бойынша жарыссөзге шықты.
Аудан прокуроры Қанат Әмрин барлық салада қылмыстың көбейгенін атап өтті. Құқық бұзушылықтың алдын алуға, рейтингтік көрсеткішке, бейнебақылау камерасына, мемлекеттік органдардың келісілген амалының жоқтығына, лицензияланған тауар өткізілімі бойынша кәсіпкерлермен жұмысты жандандыруға ден қойды.
Ауыл, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйым өкілдері пікір қосты. Олар учаскелік полиция уәкілдерін көлікпен қамсыздандыруды сұрады. Мал қамайтын, ен-таңба салғызатын алаң жабдықтауға қаржы бөлінісіне, азаматтығы жоқ жандардың есебі бойынша көші-қон қызметінің жұмысына, баспасөзбен бірлескен жұмысқа, құқық бұзушылық пен қылмыстан сақтандыруға арналған ай сайынғы есеп берілісіне, барлық мемлекеттік органдар мен мекемелердің іс-қимыл үйлесімділігі қажеттігіне тоқталды.
Өткен кеңес өзекті де толғақты мәселені назарға алды. Оны шешуге лайықты жоспарлы, тұрақты негіз талап етіледі.
Жиынды қорытқан аудан әкімі жекелеген бөлім, мекеме басшыларына нақты тапсырма белгілеп берді.

Раушан БАРЖАҚСЫ.