«ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ»

Апта бойы мәдени-ағарту мекемелерінде әскери-патриоттық, танымдық-тағылымдық сипаттағы шара ұйымдастырылды. Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан сарбаздарымызды шаршы топта құрметтедік, естелік-әңгімесіне құлақ түрдік, қиындық пен қауіп-қатерге толы онжылдық жорық жолына үңілдік.

Күншалған орта мектебі де жаңағы игі істі сәтімен жалғастырды. Түпкі бағыты көзбе-көз әңгіме-конференция үлгісіне негізделді. Бастама иесі – білім ордасының жетекшісі, білікті ұстаз Ораз Сетаев. Шараның ұйымдастырылуына септескен тәрбие жұмысы бойынша орынбасар Гүлмира Сағымбаева.

Кешіміздің құрметті қонағы Қамит Өмірзақовтың әсерлі де маңызды естелігі мен өнегелі ғұмырнамасынан, қаруластар жайындағы әңгімесінен мол тағылым алдық, терең ой құшағына берілдік. 1978 жылдың күзінде әскерге алынған, келесі жылдың 25 желтоқсанында алыс елге табан тіреген сарбаз туған үйінің босағасын аман аттағаны үшін өзін бақытты сезінеді, әрбір таңда мың мәрте шүкірлік етеді. Әсіресе ауған халқының өмірі, жігіттердің ерен ерлігі, «За отвагу» медалінің берілген себебі, түрлі эпизодтар бәрімізді қызықтырды. Кездейсоқ мина жарылысы, қиян-кескі айқас, ішкі сыры беймәлім жота-шатқал – бәрі-бәрі адам өміріне қатер төндіретін сындарлы сәт. Жауынгер жерлесіміздің де басқа түскен қиындықты жеңе білгеніне, кешегі майдангердің ұрпағы ретінде әкенің ерлік дәстүріне, әскери антқа адалдық танытқанына таңдандық. Жат елде қапыда мерт болған қарулас боздақтарды метроном үнімен бір минөт үнсіз еске түсірдік.

Аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы подполковник Нұрлан Балықбаевтың қолынан сыныптастарымызға әскерге тіркеу куәлігі табыс етілді. Таңат Әділхан, Досхан Қайролов, Вадим Лесной, Мақсат Қабкенов, Бақытжан Исмағұлов, Дәулеткерей Нұрбек 18 жасқа толғанда тәуелсіз Отан шекарасын қорғайтын болады. Он төрт жасынан Суворов училищесіне түскен тәуелсіз ел офицерінің өмірбаян дерегі мен патриоттық сипаттағы әңгімесі «Отан отбасынан басталады» қағидасына негізделді. Осылайша алдыңғы толқын аға ізімен санамызға патриоттық рух, ағаға еліктеушілік сезімі берік ұялады. Ғұлама Абай бабамыздың «Болмасаң да ұқсап бақ», деген нақылы ойымызға оралды.

Мектебіміздің спорт залында Көкбайрағымыздың аясында өткен шеберлік сағаты – сап пен ән байқауы да баршаның көңілінен шыққаны рас. Алдыңғы ұстаз ағайымыз, білікті маман Василий Кулаков негіз қалаған, қазіргі мұғаліміміз Руслан Сәдуақасов үйреткен теориялық ілім-біліміміз, күнделікті жаттығуымыз сәтті пысықталды.

Өнер иелері Сайполда Өмірбек мәнерімен оқыған «Жауынгер хаты» өлеңі, Мәди Еламанов орындаған «Аманат» әні сахна ажарын аша түсті.

Аудандық оқу бөлімінің әдіскері Мұрат Уажанов, округ әкімі Айланыш Тілекберді ізгі лебізін ауған жауынгерлерінің ерен ерлігіне ерекше ілтипат сезімімен тәмамдады. Барша қауым оны ықыласпен құптап жатты.

Тағы бір сүйінші жаңалығымыз: Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдары шеңберінде жарияланған аудандық «Бояулар құпиясы» конкурсында Бақытбек Жанерке мен Жігер Серіков 1-2 орынды иеленді. Ол – ұстаз апайымыз Әйгерім Хамитованың еңбегі.

Иә, ауған оқиғасы талай қаламгердің поэзиялық-прозалық шығармасына лайықты тарихи тақырып болды. Белгілі автор Әлия Ахетованың Көкшетауда жарық шыққан «На той войне не знаменитой» кітабын Қамит Өмірзақов өз қолтаңбасымен мектебімізге естелік ретінде сыйға тартты.

Эпилог: Кешегі кеңес уағында Күншалған өңірінен бес жігіт алыс елде интернационалдық парызын абыроймен адал атқарыпты. Владимир Королев – Қаратал ауылының тумасы, Мәскеудің элиталы армиясында қызметте болған, взвод, рота басқарған арнаулы білімді офицер, Запастағы подполковник, қазір Смоленскіге көшкен. Қамит Өмірзақов – «За отвагу» медалінің иегері, Таулы-Бадахшан автономиялы ауданында ұрыс қимылдарына қатысқан ержүрек жауынгер. Юрий Дятлов – Күншалған мектебінің түлегі, қазір Ресейге қоныс аударған. Елубай Нұралин Астанада, Юрий Васильченко Степногорскіде тұрады. Ауылдастардың мектептегі фотосурет галереясы оқушыларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге молынан септеседі. Тағы да төрт түлек әскери училище тәмамдады.

Иә, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Айтылған естелік, түрлі көрнекілік, бейнебаян, тарих шежіресі -бәрі-бәрі ұрпақ санасынан мәңгі орын алары сөзсіз.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.

Суретті түсірген автор.