БАСТЫ ҰСТАНЫМЫМ – БІРЛІК ПЕН НИЕТТЕСТІК

Мемлекеттік қызметкер ел алдындағы өзінің тікелей міндетін атқарумен қатар жұмысында да, отбасында да, айналада да, баршаға үлгі болуы, көпшілікпен ортақ тіл табыса білуі тиіс. Бұл Елбасымыз қойып отырған талаптардың бірі.
Біздің кейіпкеріміз, аудан әкімдігінің ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің басшысы Гүлбағдат Төкенқызы Сағиева, өз ұжымы, жеткен биігі, қызмет бабы жайында сыр шертті.
– Әуелі өзіңіз, бала кезіңіздегі арманыңыз, бастапқы еңбек жолыңыз, мемлекеттік қызметтің мәнісі жайында айтыңызшы.
– Мен Бозтал ауылында туып-өстім. Орта мектептен кейін сол кездегі Горный совхозрабкоопына сатушының көмекшісі ретінде жұмысқа кірдім. Үш жыл еңбек еттім де, кооператив техникумына түстім. Оқуымды сәтті бітірдім, ауылыма оралдым, тауар айырушы, наубайхана меңгерушісі қызметін атқардым.
Қызмет бабында тәлімгерім болған, бағыт-бағдар берген игі жақсыларға жолыққаныма бақыттымын. Олар: Г.Х.Жампейісова, Б.Ш.Иманова, Лидия Саенко (қазір Германияда), А.С.Мұқанова, С.Н.Ақпанова, Г.А.Кольцова, К.С.Шәкенова.
1997 жылы ауыл әкімшілігіне жетекші маман қызметіне шақырылдым. 90 жыл, қайта құру кезеңі, жеңіл тие қойған жоқ. Жаппай қысқарту жүріп жатты, жалақы төленбеді, зейнетақы бөгелді. Халық ірі қалаларға қоныс аударды. Мен де осы қатарға ілестім. Астанаға кеттім. «Валют Транзит Банк» акционерлік қоғамына кассирлікке орналастым. 2004 жылы Қарағанды кооператив институтына түстім. Стандарттау, сертификаттау және метрология бакалавры дипломын иелендім.
2006 жылы отбасымның ыңғайымен Ерейментауға көштім. Дәл осы уақытта МЗТО -ына зейнетақы мен жәрдемақы тағайындайтын маманға сұраныс болды. Жеті жыл еңбек еттім. Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің басшысы лауазымына ауыстым, осы күнге дейін қызметімді атқарып келемін.
Өз басым мемлекеттік қызметтің мәнісін халыққа, Отанға қызмет көрсетумен орайластырамын. Ол біліктілікті, ұқыптылықты, сақтықты, тиянақтылықты талап етеді. Осы талап үдесіне сай болуға тырысамын. Оны бағалай білемін, өйткені өз кәсібім келер күнге сенім ұялатады. Меніңше, әрбір адам өз жұмысына шын ниетімен берілуі тиіс. Тек сонда ғана нәтижесі сезіледі. Таңертең жұмысына асығатын, кешкілікте қуанышты күйде қайтатын жанды бақыттылар қатарына қосамын.
– Өз ісіңізде қандай ұстанымды басшылыққа аласыз?
-Менің ұстанымым – кәсіби біліктілік, еңбексүйгіштік, елгезектік. Осы үш қағида билік жүйесінде бағыңды ашатын негіздеме.
– Сіздің ойыңызша, басшылық қызметтегі әйел ұғымы қалыпты жағдай ма, әлде оған үй шаруасын, бала тәрбиесін қолға алу қажет пе?
– Әйелдің басшы да, отбасының ұйтқысы да болуға, шамасы жетеді. Оған менің сенімім кәміл. Әрине, ер адамнан гөрі, басшылық қызмет әйелге жеңіл тимейтіні де рас. Өйткені ол жұмысын да, үйін де, ойлауы тиіс. Егер ер мен әйелдің күш-әлеуетін салыстырсақ, нәзік жанды басшының жұмыстағы қиындықты жүрегіне жақын алатынын аңғарамыз. Меніңше, егер адам тапсырылған істі көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілетімен сапалы атқаруға талпынса, шешім қабылдаудан, жауапкершілік алудан жүрексінбесе, онда ер мен әйел басшының арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ.
– Өткенге зер сала отырып, өміріңізде бірдеңені өзгерткіңіз келе ме?
– Шындап келгенде – бәріне көңілім толады. Жаратылысымнан оптимиспін, ешуақытта әлсіреуге болмайды, үнемі күрессеңіз, алға ұмтылсаңыз – мақсатыңызға да жетесіз. Үй ішімдегілердің көңіл-күйі маған тәуелді, әріптестерімнің алдындағы жауапкершілік тағы маған жүктеледі. Егер тұйықтан шығатын жолды таба алмасам, онда басқаға қандай өнеге беремін? Қандай қиындық болса да, қарсы тұрмасқа хақым жоқ.
Мен жайсыздықты ысырып тастауды, ұмытуды үйрендім. Маған елеулі мәселеге кезікпеу бақыты бұйырды. Отбасым – негізгі тірегім, басты байлығым. Өмірімді, қызметімді оларға арнаймын, үлгі көрсетуге тырысамын. Өзара толық түсіністік орнағаны – маған бұйырған тағы бір бақыт. Қызым Әдия Бөгенбай мектебінде 8 сыныпта оқып жүр, игі жетістігіне көңілім толады. Ол менің үмітім, қолғанатым. Анам Бақыт Іргебайқызы менің қолымда. 1 мамырда 80 жасқа толады. Тәңірім деніне саулық берсін, бүкіл өмірім баға жетпес асылыма бағышталған.
– Өз ұжымыңыз жайында не айтасыз?
– Әріптестерім Қарлығаш Исеноваға, Нариман Әлдібековке, Динара Төленбековаға, Гүлден Төлеуоваға, Сәния Сайдалинаға, Нариман Бәешевке ілтипат сезімімен жылы лебізімді арнағым келеді. Өзара түсіністік пен ынтымақ-бірлікті ұдайы бірінші кезекке қоямыз. Дәл жаңағы қасиет мемлекеттік қызмет саласында өте құнды. «Ынтымақты елге бақ қонар» деген халық даналығы да тегін айтылмаған ғой.
-Әңгімеңізге рахмет.
Жазып алған Людмила МАРКОВА.
Суретті түсірген автор.