«БІРЫҢҒАЙ ӘЛЕУМЕТТІК ТЕРЕЗЕ»

Осы аттас республикалық акция аясында Елбасының көшбасшы партиясының барлық филиалдарында азаматтарды қабылдауға мақсат көзделді.
Төрағаның орынбасары Медеу Әбжіков басқаратын біздің ауданның аумақтық филиалы да игі істен тыс қалған жоқ. Негізгі мәнісі ана мен баланы сүйемелдеуге арналды. Бір жасқа дейінгі сәбиі бар отбасылар, мүгедек бала, асыраушысынан айрылғандар, қамқоршылықпен айналысатындар, көпбалалы санатындағылар, емге, сауықтыруға мұқтаж жандар, оған қоса зорлық-зомбылыққа ұрынғандар, ата-ананың қамқорлығынан тыс қалғандар назарға ілікті.
Көпбалалы ана бүлдіршінін қаланың балабақшасындағы шипажай тобына ауыстыруға көмек өтінді. Тағы бір жерлесіміз апатты үйін жөндеуге, электр желісімен шарт бекіту үшін құқығын растайтын құжат ресімдетуге, бала-шағасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындатуға қатысты мәселесін ортаға салды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтың баспанасы жоқ, үй кезегіне тіркелген. Бірегей күнкөріс көзі – атаулы әлеуметтік көмек қана. Еркіншілік ауылының тұрғыны, көпбалалы отбасының әкесі екі баласын Астана мен Көкшетаудың жоғарғы оқу орнында ақы төлеп оқытуда. Комиссия өтінішке құлақ сала келе, екі студенттің біреуіне облыстық білім басқармасы арқылы оқуын жеңілдік тәсілімен жалғастыру тәртібін қарастыратын ойға келді. Тәрбиесінде екі перзенті бар жалғызілікті жұмыссыз ана бес жастағы сәбиін алыс шет ел клиникасына емдетуге апаруға қолдау күтеді. Ол «Іскер әйелдер қауымдастығы» үкіметтік емес ұйымының көмегінен үмітті. Бұл мәселе бақылауда тұр. Игі іске қайырымды жандарды, мұсылмандар мешітін араластыруға тоқтам жасалды.
Комиссия әрбір жанмен арнайы жеке әңгімелесті. Отбасының тұрмыстық жағдайына, балалардың материалдық әлеуетіне назар аударды. Әрқайсысына сәйкестелген ұсыныс қабылданды, келелі кеңес берілді, құзыретті орындарға жалпы материалдық-тұрмыстық жағдайды зерттеуді, жекелеген отбасылардың еңбекке қабілетті өкілін жұмысқа қабылдаудың оңтайлы жолын іздестіруді ұсынды.
Аудандық филиал жаңағыдай қабылдауды алдын-ала тіркелу тәсілімен аптаның әрбір бейсенбісінде ұйымдастыруды дәстүрге айналдырмақ ниетте.

«Ерейменнің» өз ақпараты.