«ЕРЕЙМЕН ЖАСТАРЫ» КТК ЛИГАСЫНДА

4-12 ақпан аралығында Астана қаласында Көңілділер-Тапқырлар Клубының «Маусымашар-2019» республикалық фестивалі өтті. Оған біздің ауданымыздың «Ереймен жастары» командасы алғаш рет қатысты.
Қала мен аудан мектептерінің оқушылары, мұғалімдері, колледж студенттері: Алтынбек Сұлтаналин, Ермахан Балнұр, Аманбек Арғын, Гүлдана Боранова, Дильназ Сүлейменова, Арлан Шарықпаев, Ақтансері Нұртуған, команда капитаны «Е TOWN» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қазыбек Әлібек ауданымыздың құрамасына қосылды. Айта кететін жайт, фестивальге республикадан 600 команда қатысты. Жастар әзілін сахналаудың айрықша фишкасының арқасында «Ереймен жастары» «Рейтинг» аталымына ілікті де, КТК Лигасына өтті. КТК ойынының келесі туры Екібастұз қаласында өтетін болады.
Республика жастарының мәртебелі фестиваліне қатысуға ереймендіктерге мүмкіндік берген, қаржылай, шығармашылық көмек көрсеткен демеушілерімізге – аудандық, облыстық мәслихаттың депутаттарына, сала жетекшілеріне, қаланың жеке кәсіпкерлеріне, мәдениет қызметкерлеріне алғысымыз ерекше.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.