ІСКЕРЛІК СИПАТТАҒЫ МӘРТЕБЕЛІ ӘҢГІМЕ

Өткен аптада «Көкшетау» мәдениет сарайына облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің «Ақмола облысының 2018 жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері және 2019 жылға арналған болашақ жоспары туралы» халық алдындағы есепті кездесуіне жиылдық. Шаршы топқа ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, түрлі деңгейдегі депутаттар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен құрылымдарының басшылары, жастар және әйелдер бірлестігінің, құқық қорғау органдары мен өрт қауіпсіздігі, баспасөз, үкіметтік емес ұйым өкілдері жиылды.
Залда өңір басшысымен тұжырымды, ынтымақты әңгіме жүргізуге лайықталған барлық бұйым: микрофон, аудан әкімдері мен бөлім бастықтарымен тікелей ғаламтор-байланысы орнатулы тұр. Өңір тұрғындарының қойған сұрағын қабылдайтын ұялы байланыс операторларының бәрі іске кіріскен.
Мәлік Кеңесбайұлы сөзінің кіріспесінде Ақмола облысының бүгінгі таңда агроөндірістік аймақ екенін мақтанышпен атап өтті, Өз ойын тұжырымды деректермен пысықтады. Облыс басшысы көпшілікке өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімі өндірісі ауқымының кеңейгенін диаграмма арқылы, сандық көрсеткішпен, қолжетімді үлгіде баян етті. Үздік кәсіпорын-мекемені басшысымен бірге атап өтті. Шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылым реті, негізгі инвестиция көздері, сыртқыэкономикалық қызмет, тұрғын үй құрылысын іске асыруға лайықталған түрлі бағыттар, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жылу көздерінің жаңғыртылымы, сумен жабдықтау, шайынды су ағызылымы мәселесінің шешімі әңгіме мазмұнына негіз болды. Жол инфрақұрылымын дамытуға арналған жұмысқа елеулі көңіл бөлінді. Мемлекеттік бағдарлама мен жобалардың жүзеге асырылымы аясында түрлі мәндегі жол қайта салынды, жөнделді. Астанамен жапсарлас елді мекендердің 2020 жылға дейінгі кешенді әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының орындалу жалғасы, көшпелі және ішкі туризмді дамыту негізінде атқарылған жұмыс жайындағы ақпаратқа баршасы ықыласпен назар аударды. Әлеуметтік сала да ескерусіз қалған жоқ. Жаңа мектептің, денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы, халықты әлеуметтік қорғау шаралары, спорттың дамытылым мәселесі қамтылды.
Ақпар тәмамдалғанда облыстың түрлі өңірінің өкілдері түйінді мәселесін ортаға салды. Жолдың сапасы мен жағдайына, халықты жұмыспен қамтуға, еңбекке орналастыруға, көпбалалы аналарды, мүгедектерді әлеуметтік қорғауға қатысты сұрақ қойылды. Облыс басшысының атына жазбаша өтініш те, өзекті мәселені оңтайлы жолмен шешкені үшін алғыс лебізі де, тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтк әлсіз санаттағыларды сүйемелдеуге лайықталған тілек сөзі де жолданып жатты.
Есепті кездесу жалпы іскерлік мәртебелі сипат алды.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Суретті түсірген автор.