КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК КОНКУРСЫ

Қаламыздың №8 Агротехникалық колледжінде ақпан айында студенттердің арасында дәстүрлі конкурс өткізіледі. Негізінен ол салалас білім ордаларының «WordSkills Kazakhstan-2019» облыстық бәсекесіне қосылатын бесаспап үздігін анықтауды мақсат етеді.
Ерейментау білім ордасы «Аспаздық іс», «Автокөлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу» аталымында шебер маман жұмысшы жарысына үшінші жыл қатысуда, жүлделі орын да алды.
Студенттер биыл мәртебелі сайыста бақ сынауға даярлануда. Осындай ниетпен өндірістік-оқу зертханасында 2-3 курс бозбалалары қатысқан аудандық колледжішілік байқау ұйымдастырылды. Өндірістік оқу шебері, арнаулы пән оқытушысы Дархан Ыбыраев қонақтарды, төрешілерді, ойыншыларды таныстырды. Игі істің мақсатына тоқталды. Ол жұмысшы мамандығын көпке танытуды, мәртебесін көтеруді бағытқа алады. Кәсіптік шеберлікті шыңдауды, тәжірибе алмасуды көздейді. Колледж шәкірттерінің үздік кәсіп иесін анықтауды, тапсырманың технологиялық негізде дұрыс орындалымын, қолдағы жұмысшы аспабының орынды пайдаланылуын ойға алады. Техника қауіпсіздігінің сақталымына да назар аударылды. Арнаулы орта оқу орнының директоры Руслан Хамзин чемпионатқа қатысушыларға табыс, облыстық салалас конкурсқа жолдама ұтуды тіледі. Көрермен әрі болашақ студент ретінде шақырылған №1 орта мектептің оқушылары үш кезеңдік тапсырманың қалай тиянақталатынына ықыласпен назар аударды. Сайыскерлер «ВАЗ» көлігі қозғалтқышының клапанын реттеді; «Москвич-412» көлігі қозғалтқышының иінді білігін бұзды; Стартерді бұзды, ақаулығын тапты, жинап берді. Айта кететін жайт, әрбір жұмысты орындауға белгілі уақыт берілді. Төрешілер-арнаулы пән мамандары сапа мен тәртіпті мұқият назарда ұстады. Колледж өмірі қамтылған бейнебаяннан қонақтар бірталай қызықты ақпар алды.
Конкурс жүріп жатқанда топ кураторы Аягүл Зәкаринамен әңгімелесіп үлгердік. Нәтижесінде келесідей мәліметке қанықтық. «Халықты өнімді жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ер балалардың төрт тобы «Автомеханик» кәсібіне ықылас білдірді. Студенттерге жатақханадан орын, тегін тамақ, арнаулы киім берілді. Дуалды оқыту шеңберінде теорияны тәжірибемен ұштастыратын мүмкіндік баршылық. «АРЗ КИ-811» зауытымен, «Локомотив» АҚ-мен, «Федюшин», «Ешутин» жеке кәсіпшілігімен келісім-шарт бекітілген. Олар аптасына екі рет тәлімгерлермен бірге өндірістік практикаға кіріседі, игерген білімін сынап көреді, келешек кәсібіне негіз қалайды. Осы аптада «Аспаздық іс», «Ауыл шаруашылығы машиналарына техникалық қызмет көрсету, жөндеу» құзыретіндегі чемпионат қатар жүргізілуде. Сонымен WSK бәсекесінде бақ сынаушылар анықталатын болады. Колледжіміздің облыстағы мәртебесі барынша жоғары. Бізбен мықты бәсекелес әрі маман ретінде санасады. Биыл компьютерлік жүйе маманын даярлайтын тағы бір бөлімше ашылмақ.
Василий Михалюк, Асан Маханжаров, Александр Коваль чемпионатқа белсене қатысқаны үшін төрешілердің шешімімен Грамотаны иеленді. Аңсаған Баймановқа үшінші, Жанболат Советовке екінші орын берілді. Никита Рылов бірінші орын жүлдесін, облыстық чемпионат жолдамасын ұтып алды. Болашақ жұмысшы жастарымызға табыс пен сәттілік, шеберлік шыңдалымын, толымды еңбек нәтижесін тіледік.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Суретті түсірген автор.