ЛАЙЫҚТЫ БАҒАНЫ ИЕЛЕНДІ

Ауданның барлық мектептерінде Ауғанстаннан әскер шығарылғанына 30 жыл толуымен орайласқан шара ұйымдастырылды.
Қаламыздың №1 орта мектебі де игі істен шет қалған жоқ. Межелі уақытта жалпылама сап түзеуге нұсқау берілді. Жарысқа қатысатын алты команда спорт залында екі қатарға жайғасты. Музыка әуенімен Көкбайрағымыз әкелінгенде еліміздің Әнұраны әуеледі.
Құрметті қонақтарымыз: интернационалист-жауынгерлер Аманғали Мұстафин, Есен Хасенов, Борис Измайлов, Жамбыл Ахметов, Мұрат Салықов төрге жайғасты.
Мектеп директоры Төлеген Дүйсенов өзінің құттықтау лебізінде ел тарихына қысқаша шегініс жасады. 1979-1989 жылдар аралығында жастардың, осы сапта өз жерлестеріміздің, Отан алдындағы интернационалдық парызын адал өткергенін, антқа да адалдық танытқанын әңгімеге негіз етті. Тиісті мерзімін өткерген сарбаздар елге оралды, бейбіт еңбекке араласты, отбасын құрды, балалы-шағалы болды. Немересі де баршылық.
Жарыстың бас төрешісі, алғашқы әскери дайындық сабағының оқытушысы, запастағы аға лейтенант Сарқыт Сетаев жеті кезеңге негізделген әскери-спорттық ойын тәртібін түсіндірді.
Сонымен шара пердесі сап байқауына арналды. Бүкіл команда сыннан сүрінбей, үздік шықты. Әрбір топ талап деңгейіне сай болды, командирлері барлығын мүдірмей баяндады. Әскерлеріміздің сыртқы бейнесі (киімі, шевроны, сыныбы, команда атауы қоса көрсетілген бейджигі) ережемен үйлесім, бойына жарасым тапты.Келесі кезекте межелі уақытта противогаз киюге тура келді. Нормативті жаңсақ орындағандарға айып есептелді. Қыздардың да шаршы алаңда ер балалардан қалыспағаны, ептілік, ширақтық байқатқаны көңілге қонымды болды.
Калашников автоматын ішінара бұзып-жинаған сәтте теориялық, тактикалық негізде қатарласынан оза шығуға бар білім-қабілетін аямай жұмсады. Әрбір ойыншы өз тобының ұпай қоржынын еселеуге тырысты. Межелі уақытта автоматқа қоса оқжатарын да шашып-жинауға қызығушылық-ықыласымен, алғырлығымен қайран қалдырды.
Жалпы әскери киім кию, «Медбике» конкурсында, «Әскерлендірілген эстафетада» бозбала мен бойжеткеннің әрқайсысы жаңа қырынан танылды. Пәнді, жалпы әскери ілімді жетік меңгергенін, жеңіске деген жігерін анық аңғардық.
Шаршы алаңдағы жанкүйерлер мен мұғалімдер бәріне жылы сөзбен дем беріп, қол жеткізген жетістігін бірлесе қолпаштап жатты.
Төрешілер қауымы әрбір топтың іс-амалын, қимыл-қозғалысын жіті қадағалады. Баға берілгенде де уақыт өлшемі, тапсырманың тиянақты орындалымы ойға алынды.
Жалпы сарбаздардың бәрі талап үдесінен шыға білді. Нағыз жеңімпазды анықтайтын, жүлде бөлісетін сәт келді.
«Сұңқар» командасы бірінші, 10 «А» сыныбы екінші, 11 «Б» сыныбының «Бүркіт» тобы үшінші орын алды. 10 «Б», 11 «А» сыныбы, «Барыс» командасы қатысқаны үшін Грамотаға қол жеткізді.
Жекелеген балалар түрлі аталым бойынша ілтипатқа ілікті. 10 «Б» сыныбынан Дана Бекболатова «Үздік медбике»; Ақбота Тоқсанбаева «Үздік командир» атанды. «Әскерлендірілген эстафетада», «Автоматты ішінара бұзып-жинау жарысында «Сұңқар» тобы, Сап байқауында «Барыс» тобы, противогаз киюден 10 «А» сыныбы ширақтық танытты.
Жастардың ресурстық орталығы негізгі ұйымдастырушы, бастама иесі әрі демеуші ретінде үн қосты. Барлық жеңімпаздарға Грамота, естелік сыйлық берілді.
Ардагерлер алғашқы әскери дайындық, дене тәрбиесі мен спорт мақсатына өзінің күш-білімін, тәжірибе-білігін сәтімен пайдаланғаны үшін іні-қарындастарына алғыс айтты.

 

Жылда аудандық орталық кітапханада интернационалист-жауынгерлермен дәстүрлі кездесу ұйымдастырылады.
Биыл №8 Агротехникалық колледждің автомеханиктер тобының 1 курс студенттері шақырылды.
Кітапханашылар Ләззат Сырымбетова мен Надежда Серова қонақтар мен шәкірттерді өзіне баурай білді. Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына тікелей қатысқан Есен Хасеновтың, Александр Житиннің естелік-әңгімесіне бәрі толғаныс сезімімен құлақ түрді. Отан тапсырмасын абыроймен орындаған сарбаздар тартымды естелігімен мол бөлісті.
Алғы шептен туған үйіне оралмаған жерлес боздақ Александр Шлюндт, қаза тапқан барлық қаһармандар үнсіздік минөтімен еске алынды.
Интернационалист-жауынгерлердің әңгімесі бейнекөрініспен пысықталды. Онда жауынгердің бастан кешкен әрбір күні анық та нанымды айшықталған. Патриоттық тақырыпқа арналған ән әуеледі.
Шара шағын флеш-мобқа ұласты, студенттер бейбіт өмірді, ар-намысты, Отан-Ананы жақтайтын ұран жазылған шағын транспарантын қолға алды.
Кітапханашылар қорытынды кезекте уақытын бөліп, кездесуге келген қонақтарға алғыс айтты. Ризашылықтың нышаны ретінде естелік кәдесый тарту етті.
ЛЮДМИЛА МАРКОВА
Суретті түсірген автор.