МАЙДАНГЕР, ҰСТАЗ АТА ҰЛАҒАТТЫ

Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектептің фойесіндегі көрме жұрт назарын өзіне бірден аудартты, тағы бір мәдени-тағылымдық шараның жоспарланғанын аңғартты
Ол – ғұмырында ұстаздықты кәсіп еткен, бүгінгі әулетіне де әке жолын жалғастыруды нәсіп еткен соғыс және еңбек ардагері, екінші дәрежелі Отан соғысы орденінің, бейбіт уақыттағы мәртебелі марапат иегері Темірғали Бейсенбекұлы Жапабаевтың ғұмырнамасына арналған кеш.
Ақсақалдың көзінің тірісіндегі еңбек жолы сипатталған, әдістемелік қолжазба еңбектері, орден-медалі, салалас министрліктің Құрмет грамотасы, Елбасының қолы қойылған Алғыс хаты шынымен ғибратты, ұлағатты ғұмырнама иесінің майдан жорығындағы ерлігінен, ұрпақ тәрбиесін көздеген еңбегінен мол сыр шертеді. Бүгінгі ұл-қызының, инабатты, алтын босағаны аттаған келіндерінің ағарту саласындағы жалпы еңбек өтілін санасақ – 252 жылға жуықтайды екен. Иә, жан баласы қызығарлық, өзгеге өнеге тұтарлық дерек. Темірғали атаға арналған «Асылдың сынығы» кітабының да тұсауы кесілді. Ол кісі педагогика саласынан бөлек, аудан басшыларының сұрауы бойынша белгілі бір уақыт аралығында «Ерейментау» совхозына қарасты Жарық бөлімшесінің басқарушысы қызметін де атқарған екен. Шаруашылықтың өрге басуына ұйымдастырушылық қабілетімен, білікті, ақыл-парасатымен, көпшілікпен тіл табысатын елгезектігімен мәртебе-беделі еселене түскен.Жиналыс залындағы бейнебаян дерегі жаңағы ойымызды түпкілікті пысықтады. «Жастар» би ұжымының, «Ақбұлақ» қобызшылар ансамблінің тартымды өнері шағын сахнаға сән берді. Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжановтың ардагер ұстаздың дара жолын баршаға үлгі еткен жылы лебізі көпшіліктің жүрегіне жол тапты.
****
Бұл күні қала мектебіне қоса ауылдық білім ордаларынан мұғалімдерімен бірге келген оқушылар «Туған жер – алтын бесік», «Ардагерлерді ардақтайық», «Тарих толқынында» бағыты бойынша алдын-ала даярлаған ғылыми жұмысын қорғады.
Ел мен жер тарихы, ғұламалар мен айтулы тұлға, Отан үшін от кешкен майдангерлер, Ереймен өңірінің экологиясы мен табиғат аясында өсетін, дертке дәру, жанға шипа беретін өсімдіктер дүниесі жайында мол мағлұматқа қанықтық. Тіпті тыңдарман назарын өзіне аудартқан, терең мазмұнды, бағасы құнды баяндамалар да аз болған жоқ.
Әрбір байқауға бекітілген модераторлар қауымы ұл-мен қыздың тақырып қорғауға, мазмұнын ашуға лайықталған ой-пікіріне, мақсат-бағытына мұқият назар аударды. Баға бергенде де жаңағы жайттарды ойға алды.
Байқау да өз мәресіне жетті. Жанкүйер ретінде қатысқан ғылыми жетекшілері да ақтық нәтижені асыға күтті. Әрине, әрбір бапкердің бәйгеге қосқан тұлпарының қарсыласынан оқ бойы озық шыққанын қалайтыны заңдылық қой.
ҚР тарих институтының қызметкері, тарих ғылымының докторы Амангелді Қашқынбаев, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Манап Әдірешев, аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов оқушылардың еңбегіне оң лебіз білдіріп жатты. Қоқыс-қалдық өңделім мәселесіне, дәрілік шөптің қасиетіне қатысты ұсыныс-пікір құндылығымен, терең мазмұндылығымен көңілден шықты.
Иә, ақтық нәтиже де тәмам болды. Еркежан Тимурқызы, Жәкуден Мирас, Гүлсінай Әбдірахманова, Гүлім Әміржанова қатысқаны үшін ұйымдастыру алқасының сертификатын иеленді. Енді әрбір аталым бойынша ғылыми жұмыс жазған, өз мақаласын тиісті ретіне қарай көрнекілікпен, бейнебаянмен пысықтаған 1-2-3 орын иегерлеріне тоқталайық. «Тарих толқынында» бағыты: Бақыт Таңатар; Малшыбай Айнұр; Қайролла Ескендір (Торғай, Сілеті, Бозтал орта мектебі). «Туған жер – алтын бесік» бағыты: Әлиасқар Аяулым; Арина Қайырбекова; Бекзада Қуатова (Тайбай, Новомарковка мектептері, №2 орта мектеп-лицей). «Ардагерлерді ардақтайық» бағыты: Сейсенбай Еркегүл; Алена Шербакова, Юлия Бястрякова; Сәбит Жұлдыз, Омар Қасымқан (Өлеңті ОМ; Төлеу Шаханов атындағы №3 ОМ; Бестоғай, Тайбай мектептері). Жеңімпаздар аудандық білім бөлімінің Грамотасымен, конкурс авторының құрметіне тігілген естелік кәдесыймен көтермеленді. Шәкіртін конкурсқа қосқан, арнайы сертификат ұсынылған бүкіл мектептердің пән мұғалімдерінің еңбегі де ұшан-теңіз, алғысқа әбден лайық
Темірғали ақсақалдың баласы Уәлихан Бейсенбеков ағамыз баршаға ризашылық лебізін арнады, атаның көзін көрген Мақсұт аға Баймұрынов бөлімше басқарған сәттегі естелігімен бөлісе келе, барлық өрендердің ізденіс дарынына сүйсініс ниетімен батасын берді.
Мектептерде келешегінен үміт күттіретін, ел игілігіне лайықты тың идеясы, зерттеу жаңалығы айтуға тұрарлық шәкірттің көптігіне қайран қалдық.
Ұйымдастыру ісіне мектеп ұжымы, аудандық білім бөліміндегі білікті маман Қатима Әубәкірова бастаған әдістемелік кабинет өз үлесін қосты.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.