МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ

Күншалған орта мектебіндегі шағын орталық 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жаңағы уақыт аралығында елді мекендегі талай бүлдіршін осы білім-тәрбие ордасынан бастауыш буынға жолдама алды.
Қазіргі таңда 2-3 жастағы сәбилер тобы мен 4-5 жастағы орташа топқа жалпы 25 өрен тіркелген.
Ұлттық нақышта көркем безендірілген, баланың жас шамасына лайықты жиһазбен жабдықталған жылы да жайлы бөлмеде ұл-мен қыз асыр салып ойнап жүр. Ойыншығы да, баланың дүниетанымын, ой-өрісін кеңейтетін көрнекіліктер де, аудандық оқу бөлімі арқылы жеткілікті алдырылған. Арнаулы орта білімді тәрбиеші апайлар Нұрбану Долдақызы, Шынар Таханова, көмекшілері Бота Жақина, Гүлбақ Мырзабек ауысыммен жарты күннен жұмыс жүргізеді.
Белгілі уақыт аралығында тиісті әдістемеге негізделген күнделікті сабақ оқытылады. Ана тілін дамытуға, айналаны танытуға ден қойылған оқу жүйесі тиісті жолға қойылған.. Табиғат мүйісі, көрнекі стенд баланың туған жерге сүйіспеншілік сезіміне, білімге ұмтылыс пен қызығушылық ниетін шыңдай түседі. Ойға алынған істің бәрі «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында баланың бастапқы қабілет-бейімін, ұстамын қалыптастыруды, мектепке даярлауды негізге алатын қадам.
Мекеменің жұмысына, әсіресе кішкентайының бал тілін, өнерге бейімін бірлесе қызықтауға ата-аналардың да ықылас-ризашылығы шексіз. Ауылдастар мерекелік шара өткізіліміне ұдайы жомарт пейілмен демеушілік көмек қолын созады. «Ынтымақты елге бақ қонар» дегендей, көпшіліктің бірлігі жарасқан ортаның ұрпақ тәрбиесіне берері де мол, келешегіне қалайтын негізі де мықты болмақ.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.