ТІРІГЕ – ҚҰРМЕТ! ҚАҺАРМАНДАРҒА – ЗИЯРАТ!

14 ақпан. Таңғы сағат 10. Қаламыздағы интернационалист-жауынгерлердің Қызыл жұлдыз ескерткіш белгісі маңына халық жиылуда. Бұл күні кеңес әскерлерінің шектеулі тобының Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 30 жыл толуына, жат елде қызметтік парызын өткерген сәтте қаза тапқан боздақтарды еске түсіруге арналған митинг өтті. Мемлекеттік билік, жастар және ардагерлердің қоғамдық ұйымының өкілдері, ұрыс қимылы ардагерлері, туыстары, оқушылар, қала жұртшылығы ерен ерлікке тағзым етуге, ескерткішке гүл шоғын қоюға келді.
Ерейментау ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы подполковник Нұрлан Балықбаевқа құттықтау сөз кезегі берілді.
-1989 жылдың 15 ақпанында Ауғанстан төңірегінен кеңес әскерлері толық әкетілді. Міне арада 30 жыл өтіпті. Қарапайым жігіттер 9 жыл 51 күн өз парызын өткерді. Жалпы 600 мыңнан астам, соның ішінде 22 мыңнан астам қазақстандық солдат пен офицер осы соғысқа қатысты. 900 жауынгер бөтен елде мерт болды, 21 адам хабарсыз жоғалды. 1000-нан астам адам мүгедек болып оралды. Бұл Кеңес Армиясының Ұлы отан соғысы кезеңінен бергі елеулі шығыны. Өткен кезең естелігі әлі күнге дейін мәңгілік жара болып қалатыны рас.
Туған жерден жырақта өз парызын атқарған ереймендік сарбаздардың ішінен тек Александр Александрович Шлюндт тірі оралмады. Жер бетіндегі тыныштық, қас-қағым сәттік ғұмыр кешкен жауынгер мен офицерлерге тағзымның белгісі ретінде үнсіздік минөті жарияланады.
Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің аудандық кеңесінің төрағасы Аманғали Мұстафинге сөз берілді.
-Бұл соғыс енді ешқашан қайталанбауы, бүкіл ауыртпалығы баршаға мәңгілік сабақ болуы тиіс. Қаза тапқан қаруластар мәңгі жадымызда. Көзі тірі замандастарға деннің саулығын, бейбіт өмір тілеймін! Құттықтау лебізін аудандық тыл және еңбек ардагерлерінің төрағасы Төлеген Әбдин, аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметов сабақтады.
***
Айтулы датаға арналған салтанатты жиналыс Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінде өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Әнуарбек Айтпаев интернационалист-жауынгер жерлестерімізді құттықтады.
– 15 ақпан – қаза тапқандарды еске түсірумен қатар елге оралғандарға ризашылық-ілтипат білдіретін күн. Ауған соғысы қаһарман бауырлар үшін өкініш, туған жерге аман оралғандарға қуаныш, барлық ауыртпалықты тең бөліскен, ерлікке ілтипат сезімі бір арнаға тоғысқан сәт.

Ауған соғысынан оралғандар достықты мықты қастерлейді. Өйткені өмір мен өлім беттескен сәттегі нағыз достың қадірін олар анық сезінді.
Біздің жерлестер де тиісті қызмет мерзімі ішінде сол сапта болған өрімдей жастармен тең дәрежеде ерлік пен қайсарлық танытты, патриоттық, интернационалдық парызын адал атқарды. Жаңағыдай қасиеттері үшін баршасына бас иіп, алғыс білдіргіміз келеді.
Аудан әкімінің орынбасары интернационалист-жауынгер Аманғали Мұстафинге «Қызыл Жұлдыз» орденін табыс етті. 1998 жылдың 26 қыркүйегінде ұсынылған бұл марапат иесінің қолына жуырда тиді.
Есен Хасенов әскерде жүргенде «За отвагу», «За боевые заслуги» медалімен марапатталған болатын. Интернационалист-жауынгерлердің бәріне салтанатты жағдайда мерейтойлық медаль берілді.
Аудан жастарының патриоттық тәрбиесіне қосқан үлесі үшін Ауғанстаннан әскер шығарылғанына 30 жыл толуы құрметіне аудан мектептерінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары Қайролла Жәниев, Қанат Қоқымбаев, Қонақбай Шпекбаев, жастардың ресурстық орталығының директоры Зарина Хабибулина «Қазақстан патриоты» медалімен марапатталды.
Мектеп оқушыларының арасындағы «Болашақ сарбаздар» конкурсына қатысқаны үшін Тайбай орта мектебінің «Бүркіт» әскери-патриоттық клубы бірінші дәрежелі Грамотаны иеленді. Дәл жаңағыдай екінші-үшінші дәрежелі Грамота Перуаш Кәрімұлы атындағы Малтабар орта, Бозтал, Олжабай батыр атындағы ауыл мектебіне ұсынылды.
Аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының күшімен мерекелік концерт қойылды.
ЛЮДМИЛА МАРКОВА
Суретті түсірген автор