ЖАҢА ҮЛГІДЕГІ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІ

Мектеп бүгінгі күні заман ағымына мықтап ілесіп келеді. Бұл, бәрінен бұрын, елдің білім беру саласындағы елеулі өзгерістерімен орайласып отыр.
Қазақстан Республикасындағы білім беру мазмұны жаңартылымының басты мақсаты: мұғалімнің жаңартылған білім беру қағидасына лайықты педагогикалық шеберлігін жетілдіру. Білім бөлімінің басшысы Совет Нұрғазиннің бастамасымен №2 орта мектеп-лицейде жаңа форматта өткізілген директорлар кеңесінің өзектілігі осында.
Елдегі заманауи өзгеріс, жедел ақпараттандырылып жатқан, қарыштап өркендеген қоғам білім саласына қойылатын талапты түбегейлі өзгертуде. Аталмыш мектеп әкімшілігі мен мұғалімдеріне төмендегі бірнеше бағыттың шәкірт оқытылымы барысында қандай жолмен іске асырылып жатқанын көрсетуге міндет қойылды. Олар: оқытудың белсенді үлгісінің енгізілімі. Болжам бойынша оқушылар бұл сәтте функционалды сауаттылығын өздігінен дамытады, білімді қажырлылықпен меңгереді, теңдестерімен араласудың коммуникативті дағдысын дамытуға ықылас қояды, проблема шешіміне шығармашылық ниет байқатады. Оған қоса жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие процесін көптілділікпен ұштастыруға дем береді. Базалық құзыреттілік еуразиялық көпмәдениеттілікке, коммуникативтілікке, технократия бағытына қарай жетелейді.
Жаңа үлгідегі жиынның түпкі мәнісі орта мектеп өміріне аталмыш бағыт енгізілімінің деңгейін тәжірибе жүзінде көзбен көруге негізделді. Күн тәртібіне сәйкес жаңартылған үлгідегі сабаққа, факультативтік сабақ пен курсқа қатысуға, ҰБТ тапсырылымына даярлық деңгейіне, дарынды балалармен жұмысқа, Жас мамандар мектебінің жұмысына назар аударуға мақсат көзделді. Мектептің фойесі оқушылардың шығармашылық жұмысымен, мұғалімдердің жетістігімен, әдістемелік материалмен көмкерілді.
Қонақтар тіркелгеннен кейін аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжановпен жұмыс бабындағы кездесу өтті. Мектеп директорлары мен орынбасарлары жаңартылған білім беру жүйесі, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндердің ағылшын тіліндегі оқытылым бағыты бойынша өтетін сабаққа аттанды. Жалпы екі кезеңде қолма-қол алты сабақтан көрсетілді. Оған тәжірибелі мұғалімдер де, жас мамандар да, кірісті. Биология маманы Оксана Забиякина мен тарих мұғалімі Күлән Омарованың шеберлік сыныбы айтуға тұрарлық. Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері ағылшын тілінің маманы Сұлушаш Смағұлованың CLILL – технологиясы бойынша дайындаған факультативтік сабағы тартымды шықты. Жоғары санатты география мұғалімі А.Төленованың 5 сыныптағы жаратылыстану сабағы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мамандары Жанар Тауқұдыретова мен Гүлден Жапабаеваның, жоғары санатты химия маманы Халамқас Исинаның, бастауыш буын мұғалімі Т.Ворожцованың жаңартылған жүйедегі сабағы лайықты бағаланды.
Жас мамандар да алдыңғы буынмен тең дәрежеде біліктілік байқатты. Физика мұғалімі М.Мақашева ҰБТ тапсырылымына дайындық бойынша шеберлік сағатын, ағылшын тілінің мамандары Юлия Сапронова мен Никита Крюков жаңа үлгідегі сабағын, А.Дүйсенбаева IT сыныбындағы сабағын сәтті ұйымдастырды.

ЛЮДМИЛА МАРКОВА