АЛҒЫС ХАТ, ПАРТИЯ БИЛЕТІ ҰСЫНЫЛДЫ

Еркіншілік мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық айтулы датасымен орайластырылған игі шара өз пердесін айқара ашты.
Көшбасшы партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Медеу Әбжіков баршаны Алғыс айту күнімен құттықтады. Жуырда Елордамызда өткен кезекті XVIII съезд, Елбасы белгілеген міндеттер жайында қысқаша мәлімет берді. Ұлт татулығы мен достығын, ел тыныштығын көздеген салиқалы саясаттың мәнісіне ден қойылды. Округ әкімі Жаңабай Амангелдиновтың жетекшілігіндегі бастауыш ұйымның атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалады. Бір сапта ел игілігіне қызмет атқарып жатқан барша партияластарға ризашылық лебіз арналды.
Жиын жағымды рәсіммен жалғасты. Партия идеяларын насихаттауға белсене үн қосқаны үшін көшбасшы партияның 20 жылдығы құрметіне әкім Жаңабай Амангелдинов, «Дидархан» шаруа қожалығының басшысы Қайыргелді Байтасов, Еркіншілік орта мектебінің директоры Бақыт Исатаева, ауыл әкімдігінің бас маманы Зейнегүл Жәкішева көпшіліктің қошеметімен облыстық филиал төрағасының орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың қолы қойылған Алғыс хатты иеленді. Өз ұжымында айтарлықтай деңгейде насихат жұмысын жүргізген жергілікті мекеме басшылары: Алтын Омарова, Зайра Амангелдинова, Батырхан Дәргенов, Сергей Тресцов, Сабырбай Қожақов, Өміртай Сарқұлақов, Қорлығайын Ахмедиярова, аудандық филиалдың төрағасы Виктор Радченконың атынан Алғыс хат алды.
Бастауыш ұйым қатары жаңа құраммен толықты. Шаруа қожалығының басшылары Темірболат Әубәкіровке, Мұстафа Ілиясовқа, мұғалімдер Сағдат Тасболатоваға, Алькей Гаухарға, Мырзат Жадыраға, Дубайхан Бақытқа, клуб меңгерушісі Альплям Майраға, жеке кәсіпшілік жетекшісі Астау Бахытмұратқа, әдіскер Орынхан Ерболсынға партия билеті табыс етілді.
Шара өнер шеберлерінің концертіне ұласты.