ХАЛҚЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ОЙЛАҒАН ЖАН

Бір кездері мектеп бітіріп келген жас мамандар үшін жұмысқа орналасуға кедергі аса мол болды. Баспананың, оны сатып алуға біркелкі мүмкіндіктің жоқтығы, жалақының мардымсыздығы қолбайлау жасады. Ең қиыны жаңа ғана диплом алғандардан жұмыс өтілін талап ететін, ойға қонбайтын оғаш жайттар еді. Тіпті жас маманнан кемінде үш жыл еңбек өтілі сұралған жағдай байқалды. Түйткілді мәселе Елбасының «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы түпкілікті шешілді. Жаңа бастаманың игілігін көрген жастар да аз емес. Олардың бірі – Айнагүл Жақыпбекқызы. Бойжеткен Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында арнаулы орта мектеп бітірді. Арман жетегімен атажұртқа келген жас бір жылдық дайындық курсынан кейін медицина колледжіне оқуға қабылданды. Жолдамамен Ақмырза ауылына медбикелік қызметке орналасты. Бағдарлама аясында көшерақыға, өсімсіз несиемен баспана алуға мүмкіндік туыпты.
Жас маманның тырнақалды қадамы, еңбек нәтижесі жайында аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Марал Сүлейменовадан төмендегідей жауап алдым: «Бізге «дипломмен ауылға» келген жас мамандардың бірі – Айнагүл. Сіңліміздің қасында тәжірибелі, білікті тәлімгері Күмісай Айтжанова бар, әріптесімнің еңбек нәтижесі жақсы». Жаңағы пікірді Новомарковка дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Александр Киричук те ықыласпен қостады. Өз қарамағындағы қызметкерлердің жағдайын бес саусағындай жақсы білетін Марал Қабдешқызына да разы болдық. Медицина саласында жалпы жиырма жылдан астам уақыт еңбек ететін Күмісайдың да осы ауылда өз қолтаңбасы баршылық. Ауыл адамдарын жақсы біледі, толық таниды. Әріптестер екі бөлмеге қоныстанған, балаларды қарайтын қосымша жеке бөлме бар екен. Ауылда сегіз жүзге жуық адам тұрады. Тұрақты бақылауға алынған адам саны – 110, тұрақты дәрімен қамтылатыны – 38 адам, аяғы ауыр үш-төрт ананың да назарда ұсталатынын білдік. Қабылданған жанның бәріне денсаулық картасы ресімделеді. Күнделікті қаралғандар арнаулы журналға тіркеледі. Ол дертінің себебін, көрсетілген көмегін, алдағы емшара жоспарын анықтауға негіз болады. Ауа райының қолайсыз кезінде үйлеріне барып көмек көрсетеді. Адам денсаулығы жаңсақтықты, асығыс шешімді қаламайды. Әуелі диагнозы дұрыс анықталуы шарт. Айнагүл Жақыпбекқызы барлық мәселені бас дәрігермен ақылдаса, бірлесіп шешіп отырады. Сала мамандарының міндет ауқымы да жеңіл емес. Науқастың көңіл-күйі де, жағдайы да әркелкі болады Бұл орайда сабырлылық пен төзімділік, ұстамдылық, біліктілік пен антқа адалдық танытуман қатар құнды ақыл-кеңес қосатын тәжірибелі аға буынның барына қуанады. Жұмыс орнында тәлімгермен ақылдасқанның еш айыбы жоқ.
Жас балалардың тиісті сақтық екпесінің пайдасы мен тиімділігін де ұдайы түсіндіру – маманның төл парызы. Бұл іс те тұрақты назарда ұсталады. Айнагүл талай мәрте түрлі деңгейдегі білім жетілдіру курсы мен семинардан өткен. Бұл да заман ағымына ілесудің нышаны. Еңбегінің бағасы ретінде Мақтау қағазымен көтермеленгенін де білдік.
Негізгі жұмысынан қолы босаған сәтте дойбы ойнағанды ұнатады. Зияткерлік ойыннан аудандық «Ақбидай» спартакиадасында төрт-бес мәрте топ жарғаны, облыстық бәсекеден олжалы оралғаны бізге мәлім. Өз отбасында отағасы Айболат Ығибатұлымен бірге тату-тәтті ғұмыр кешкен адал жар, үш перзент тәрбиелеген қамқор ана.
Елбасы «Жастар жылының» салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде маңызды бағдарламаның әлі де жалғаса беретінін, қосымша қаржы бөлінетінін және жастарды ауыл шаруашылығы кәсібіне бейімдеудің негізділігін айтқан еді. Келешекте туған жерін еңбегімен түлететін жас мамандар қатарының молая түсетініне сенім мол. Өйткені бағдарлама ауқымы аса кең әрі барлық мүмкіндік толық қамтылған.
Ақ жаулықты ана мен әпке-қарындастарымыздың дәстүрлі 8 Наурыз мейрамы қарсаңында Айнагүлге, барша әріптестеріне, болашақ ізбасар жас мамандарға өз білімі мен еңбегін халық игілігіне арнай беруіне, ізденіс арқылы замана лебіне сай толымды табысқа жетуіне тілектеспіз.
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.
Новомарковка ауылы.