ӨҢІРДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Жер қойнауын пайдалану саласында, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылым мәселесі, жеке, заңды тұлғалардың мүлік салығының және жергілікті бюджетке түсетін өзге салықтың есептелім тәртібі Ерейментау аудандық мәслихатының бюджет, қаржы, әлеуметтік-экономикалық даму, экология және ардагерлермен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілісінде қаралды. Жиынға аудандық мәслихаттың депутаты Абылайхан Сырымбетов төрағалық жүргізді.
Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дана Жәкудина бірінші мәселе бойынша сөз сөйледі. Ол ауданымыздағы жер қойнауын пайдаланатын компаниялар, негізгі кәсіп түрі мен мерзімі, өндірілген өнім көлемі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымына аударған қаржысы туралы ақпар ұсынды.
Екінші мәселені қарастырар алдында IV деңгейлі бюджет бойынша жұмыс істейтін ауылдық округ пен қала жайында ақпар берілді. Ауылдық округтің бюджетіне жалпы 7 түрлі салық түсімі мен салықтан тыс өзге түсім, оған қоса 19 түрлі шығын енгізілген. Аудандық мемлекеттік кіріс басқармасы басшысының орынбасары Абзал Өтепов жылжымайтын мүлік салығын есептеуге арналған негізгі ақпарды баян етті. Кең ауқымды пікірталас барысында анық болғандай, мүлік салығын есептейтін нақты әдістеме, есептелім коэффициенті жоқтың қасы. Осы мәселеге қатысты заңнаманың жетілдірілмегені айдан анық. Өз бюджетін толықтыру үшін қалаға қоса ауылдық жерде де тұрғын ғимаратты заңдастыруға, халық арасында мән-жайды толық түсіндіруге ұсыныс түсті.
Депутаттардың, мемлекеттік орган өкілдерінің ұсыныс-ескертуі ойға алынған тиісті қаулы қабылданды.
***
Ерейментау аудандық мәслихатының депутаттық өкілеттік және этика, жастар ісі, ұлтаралық қатынас, халықтың денсаулығын сақтау, білім, мәдениет, заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілісінде аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Қалиевтың төрағалығымен ауданымыздың денсаулық сақтау объектілерінің медицина мамандарымен, материалдық-техникалық әлеуетпен жарақтандырылуы туралы мәселе қаралды.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Марал Сүлейменова айтар ойын нақты деректермен пысықтауға, бүгінгі күнгі жағдайды талдауға, көңіл толтырмайтын келешекті қоса қамтуға ден қойды. Мекемені маманмен, дәрігерді пәтермен қамсыздандыруға, маман тапшылығы жойылуы үшін студенттерді оқытуға, аудан мен қаланың салалас мекемелерін медтехникамен жарақтандыруға назар аударды. Республикалық, облыстық бюджет есебінен құрал-жабдық алдыратын жоспарымен бөлісті. Аудандық бюджет арқылы гематологиялық анализатор алдырып беруді өтінді.
Депутаттардың ұсыныс-ескертуі ескерілген тиісті қаулы қабылданды
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.